Accessibility links

Биыл қауіпті өндіріс нысандарында 18 апат болып, 9 адам қаза болған


Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин.
Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин.

Биыл қауіпті өндіріс нысандарында 18 апат болып, 16 адам зардап шеккен, 9-ы қаза болған. 12 қарашада Сенатта өндіріс нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне арналған жиын кезінде төтенше жағдай министрі Юрий Ильин осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл апаттар саны былтырмен салыстырғанда 25 пайызға азайғанмен кейінгі бес жылда 30 пайызға артқан.

"Бес жыл ішінде 125 апат болып, 110 адам зардап шекті, 53 адам қаза болды. Қауіпті өндірін нысандарындағы апаттардың басты себептері: өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу; құрылғылардың тозуы; жұмысшылардың өндірістік және еңбек тәртібін сақтамауы" деді министр.

Оның айтуынша, жүйе реформалары мен бизнеске талаптардың азаюы өндіріс орындарындағы мемлекеттік бақылауды әлсіретіп жіберген.

Министрдің сөзіне қарағанда, өкілетті орган мен оның аймақтағы бөлімшелері нормативтік актілер мен ережелерге шамадан тыс "матап байланған", соның салдарынан өкілеті шектеліп отыр. Бұл ереже бұзған өндіріс орындарына қажетті дәрежеде шара қолданылмауына әсер етеді.

Соңғы рет ірі апат Қарағанды облысы Абай қаласында болған. 7 қараша, таңғы сағат сегіз шамасында Абай қаласында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты шахтада газ жарылған. Апаттан алты адам қаза болып, екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Апат кезінде шахтада 64 адам болған, 56 адам өз бетімен шахтадан шыққан. Компания басшылығы Азаттықтың "газ неден жарылды?" деген сұрағына нақты жауап бере алмады. Компания бұған дейін "Абай" шахтасы қазіргі заманғы құрал-жабдықпен қамтамасыз етілгенін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG