Accessibility links

Украина премьер-министрі АҚШ сенатын "Солтүстік ағым-2" газ құбырына санкция салуға шақырды


Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль АҚШ сенатын "Солтүстік ағым-2" газ құбырына санкция салуға шақырды. Бұл жөнінде Твиттер парақшасы арқылы хабарлады.

"Ресей Еуропада энергетикалық дағдарыс туғызып, Украинаға сес көрсетуін жалғастырып жатқандықтан АҚШ сенатын "Солтүстік ағым-2" газ құбырын санкция тізіміне қосуды сұраймыз. Украина Ресей агрессиясының алдында неғұрлым дәрменсіз бола түсуі үшін ойластырылған геосаяси жобаны қорғамауға шақырамыз", – деп жазды.

16 қарашада Германия "Солтүстік ағым-2" газ құбырын сертификаттауды уақытша тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдағаны мәлім болды. Германия газ құбырының операторынан осы құбырдың Германия жағын басқаратын еншілес компания құруды талап етті.

Еншілес компанияға активтерді беріп, барлық құжатты регулятор тексеріп болмайынша сертификаттау процесі жалғаспайды.

Nord Stream 2 AG баспасөз қызметі бұл талаппен келісетінін айтқанымен, қалай, қашан жүзеге асыратынын нақтыламады.

15 қарашада "Нафтогаз Украины" компаниясының басқарма төрағасы Юрий Витренко неміс регуляторы "Нафтогазды" "Солтүстік ағым-2-ні" сертификаттау процесіне қатыстыратынын хабарлады.

Reuters агенттігі немістің Bundesnetzagentur регуляторына сілтей отырып, Украина "Нафтогазы" мен "Украина газ тасымал жүйесі операторы" сертификаттауға қосылғанын растады.

18 қазанда "Нафтогаз" ұлттық энергетикалық компаниясы Ресейдің "Солтүстік ағым-2" газ құбыры операторының "Неміс желісінің федералды агенттігі" регуляторы алдындағы сертификаттау процесіне қатысатынын растаған.

"Нафтогаз" басшылығы "Солтүстік ағым-2" газ құбырын сетрификаттауға болмайды, өйткені Еуропа заңдарына сай келмейді деген ұстанымын білдірген. Сөз "газ құбырын Ресейдің газ тасымалдайтын "Газпром" компаниясы бақылайтыны, өзгелердің қатыстырылмайтыны" жөнінде еді.

Бұған дейін Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляен 12 қазанда өткен Украина – ЕО саммитінде Ресейдің "Солтүстік ағым-2" газқұбыры Энергетикалық қауіпсіздік туралы Еуропаның 2012 жылы қабылдаған директивасына сай келеді деген болатын.

4 қазанда "Солтүстік ағым-2" газ құбырының "Газпромға" бағынышты операторы Балтық теңізінен түбі арқылы Ресейден Германияға өтетін газ құбырының алғашқы тармағы газбен толтырыла бастағанынан хабарлаған. Бұл кезде "Солтүстік ағым-2" газ құбырының операторы Еуропа одағының газ директивасының талабына бағыну мәселесі жөнінде Германиядағы соттан жеңіліп жатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG