9 желтоқсанда кешке Нұр-Сұлтанда полиция белсенді Болатбек Біләловті анасының үйінің маңынан ұстап әкеткен. Белсенді бұл жөнінде әйелі Ақмарал Біләловаға хабарлап үлгерген. Әйелінің сөзіне қарағанда, белсенді сөзін аяқтамай жатып, телефоны өшірілген. Соған қарағанда полиция телефнын тартып алғанға ұқсайды дейді ол.
– 15 минут бұрын маған хабарласты. Жарты сағат бұрын біз жалдап тұратын пәтерден шығып, жеке үйлер секторында тұратын анасының үйіне барған. Сол жақта оны күтіп тұрған. Үйге жақындаған кезде азаматтық киім киген бірнеше адам ештеңе түсіндірместен дөрекі күш қолданып, көлікке отырғызып, алып кеткен. Ол өзін Сарыарқа аудандық полиция басқармасына алып кеткенін хабарлап үлгерді, – деді Ақмарал Біләлова Азаттық тілшісіне.
Ол әзірге күйеуімен хабарласа алмағаны айтты.
Азаттық тілшісі әзірге полициядан жауап ала алмады.
Ақмарал Біләлованың ойынша, күйеуін 3 желтоқсан күнгі наразылық үшін ұстауы мүмкін. Ол күні бір топ адам Еуроодақтың астанадағы өкілдігі алдына барып, үш министр және қала әкіміне жеке санкция салуды талап етіп, петиция тапсырған. Олар елде мүгедектер құқығы сақталмайтынын және Қазақстанның мүгедектер құқығына байланысты халықаралық конвенция шарттарын орындамай отырғанын да алға тартқан.
"16 желтоқсанда бас көтерер белсенділердің барлығын қудалап жатыр ғой. Бұл сонымен де байланысты болуы мүмкін" дейді Ақмарал Біләлова.
16 желтоқсан қарсаңында Қазақстанда бірқатар белсенділер ұсталып, кейбірі аштық жариялаған.
Құқық қорғаушылар билікті азаматтарға Конституцияда жазылған бейбіт жиын өткізу және пікір айту еркіндігі құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік бермей отырғанын айтып, жиі сынайды.
16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігі күні. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен байланысты аталады. Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған. 2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.
ПІКІРЛЕР