Accessibility links

Белсенділер полиция озбырлығына шағымданды. Алматыда жарақаттанғандар 20-ға жеткен


Алматылық белсенді Қарлығаш Тұрманова "полициядан таяқ жеп, маңдайы көгерген" Нинагүл Жұманиязованың суретін көрсетіп тұр. Алматы, 21 желтоқсан, 2021 жыл.
Алматылық белсенді Қарлығаш Тұрманова "полициядан таяқ жеп, маңдайы көгерген" Нинагүл Жұманиязованың суретін көрсетіп тұр. Алматы, 21 желтоқсан, 2021 жыл.

22 желтоқсанда Алматыда бір топ белсенді баспасөз жиынын өткізіп, полицейлердің заңсыз әрекетіне шағымданды. Олардың сөзіне қарағанда, барған сайын полиция қысымы үдеп барады, ұстау кезінде жарақат алғандар да көбейген.

Qaharman KZ тобының есебінше, 16 желтоқсанда Қазақстанның 18 қаласында 82 адам ұсталған. Ал оппозициялық күштердің митингісі болады деген күнге дейінгі екі апта ішінде 21 адам қамауға алынған. Мұндай жағдай митинг өтеді деген күндер қарсаңында жиі қайталанады дейді олар. Бұған қоса, полицияның белсенділерді ұстау кезіндегі жанжалдар да жиілеген. Белсенділер түрлі деңгейдегі жарақат алып, құқық қорғау органдарына шағымданады. Алайда нәтиже жоқ.

Алматылық белсенді Бибігүл Иманғалиева, биыл 30 сәуірде өзін полиция күштеп әкеткен кезде, жарақат алғанын, бірақ әкімшілік қамауға алынып, дәрігерге тек сол қамаудан шыққан соң барғанын айтады.

- Сол күні мені 15 тәулікке заңсыз соттады. Ұстап жатқанда сол жақ қолымның буыны жарақаттанғанына қарамастан жедел-жәрдем шақыртылмай, бірден қамауға жіберді. 15 күн бойы мен не су құбырының шүмегін бұрай алмадым, не діни жоралғымды орындай алмай қиналдым. Камерада су суық болып, бұл да қосымша азап әкелді, - дейді белсенді.

Биыл 1 шілдеде 72 жастағы саясаткер Жасарал Қуанышәліні штаттық киіммен жүрген полиция қызметкерлері үйінің маңында көлікке күштеп отырғызып әкеткен. Тартыс кезінде саясаткердің бас бармағы сынған. Сол сынған саусақпен ол полиция бөлімшесінде түнгі 11-ге дейін болған. Саясаткер бұл фактіге қатысты полицияға, прокуратураға арызданғанымен, "оқиғаның қылмыстық құрамы жоқ" деген жауап келген.

- Бұлар форма киген қарақшылар. Және ешкімді аямайды, бала демейді, шаға демейді, әйел демейді, үлкен, қарт адам демейді, барлығына бірдей қырғидай тиіп, сосын жаңағы қол-аяғынан бұрап, апарып лақтырып, білгенін істейді. Соның салдарынан міне, қаншама адам зардап шегіп жатыр, - дейді саясаткер.

Қарай отырыңыз: "Қолымды сындырдың!" Саясаткер Жасарал Қуанышәлин полициядан жапа шекті (2 шілде 2021 жыл).

"Қолымды сындырдың!" Саясаткер Жасарал Қуанышәлин полициядан жапа шекті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, полициядан құқай көрген азаматтардың барлығы бейбіт митингіге бармақ болған кезінде ұсталған. Бір ғана Алматының өзінде түрлі деңгейдегі дене жарақатын алғандар саны 20-дан асады. Бірақ ол үшін жауап берген ешкім жоқ дейді ол. Құқық қорғаушының сөзінше, билік саяси талаппен шығатын бір ғана ҚДТ (Нұр-Сұлтан соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған – ред.) немесе "Демпартияның" жақтастарын ғана емес, әлеуметтік көмек сұрап жүрген көп балалы аналарға да қысым жасайды дейді.

Конституция мен Қазақстан қол қойған халықаралық конвенцияларда азаматтардың жиналып, бейбіт түрде пікір білдіруге құқығы бар деп жазылған. Бірақ құқық қорғаушылар іс жүзінде азаматтардың бұл құқықтары жиі бұзылып, билікті сынаған белсенділердің қудалауға ұшырайтынын айтады.

Ал билік Қазақстанда белсенділерді қудалау барын жоққа шығарады.

Қараша айында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халықтың 76 пайызы полицияға сенеді деп мәлімдеген. Бірақ министр мұны қандай әлеуметтік сауалнама қорытындысына сүйеніп айтқанын нақтыламаған. Зерттеу журналистикасымен және жалған ақпаратты анықтаумен айналысатын Factchek.kz сайтының журналисі Думан Терлікбаев министрдің сөзінде манипуляция белгілері барын айтып, шенеунік әлеуметтік зерттеуді қандай ұйымдар жүргізгенін айтқан жоқ дегенді алға тартқан. Азаттық сұрағына жауап берген азаматтардың көбі полицияға сенбейтінін, бұған арыз-шағымдарының дұрыс қаралмауы себеп болғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG