Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы 20 күнге қамалған белсенділер Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаевқа бірінші инстанцияда шыққан сот шешімін өзгертпеді. Екі белсенді Орал қалалық аурухана маңында өткен "митинг" үшін әкімшілік жауапқа тартылған.
Сот отырысы кезінде Маруа Ескендірова 5 қаңтарға қараған түні полиция Абай алаңындағы демонстранттарды шулы гранатаның көмегімен қуғанын айтты. Одан кейін үйіне қайтқан.
— Біздің артымыздан екі адам ілесіп жүрді. Үйдің маңайын күзетіп тұрған көліктен үш адам шығып, мені ұстады. Кейін олардың экстремизммен күрес бөлімінің қызметкерлері екені анықталды. Мені қалалық бөлімшеге әкеліп, сол жерге қонып шықтым. Ертесінде жарты күн бойы кабинетте орындықта ұйықтадым. Сосын сот өтті, — деді Маруа Ескендірова.
Іс материалдарына қарағанда, Ескендірова "митингіге" қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған. Ал өзінің айтуынша, ол танысының хәлін білу үшін ауруханаға барған.
— Мен, Амангелді Оразбаев және Бекболат Өтебаев үшеуіміз Надежда Солодовникова (қарсылық ретінде у ішіп, өзіне қол жұмсамақ болған) емделіп жатқан ауруханаға бардық. Надежданың жағдайын білу үшін бардық, митинг өткен жоқ, — деді Ескендірова.
Маруа Ескендіровамен бірге "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" әкімшілік жауапқа (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 11-бөлігі) тартылған Амангелді Оразбаевтың сөзіне қарағанда, Надеждаға барған кезде ешқандай ұран айтылмаған. Тек оны қолдау сипатындағы сөздер айтылған.
Белсенділер әкелген плакаттарда "Надежда, тезірек айығып кет, халық сені қолдайды, біз біргеміз" (Выздоравливай, Надежда, народ тебя поддерживает, мы с тобой) және "Надежда, жемқорлыққа қарсы" деген жазу болған.
Белсенділердің адвокаты Марат Надыршин полицейлердің белсенділерді шамамен 13 сағат ұстағанын айтып, заң бұзғанын айтты. Ол екі белсендіні кінәсіз деп танып, босатуды сұрады.
Ал сот өтінішті қанағаттандыруға негіз жоқ екенін айтты.
Қазір Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаев Бәйтерек ауданы Переметное ауылындағы арнайы уақытша қабылдау орнында қамауда отыр.
7 қаңтарда қамалған журналист Лұқпан Ахмедияровтың бауырының айтуынша, қазір қалалық әкімшілік істер бойынша қабылдау орнында қамалғандарға сәлем-сауқат қабылдамайды. Жанат Ахмедияровтың айтуынша, полициядағылар төтенше жағдай режиміне байланысты қабылдауды тоқтатқан.
Полиция әзірге Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бермеді.
Надежда Солодовникова – полиция мен биліктің қысымына шыдамай, 19 желтоқсанда у ішіп, суицид жасауға талпынған Орал тұрғыны. Ол он жыл бойы өзге 150-ден астам адаммен бірге баспана мәселесін шеше алмай келеді.
Батыс Қазақстан облысында облыстық полиция департаментінің шағымы бойынша, бөлімшеге 839 адам жеткізілген. 76-сы әкімшілік жауапқа тартылған. Арасында "митинг үшін" жазаланғандар да бар.
ПІКІРЛЕР