1 ақпанда Алматыда қалалық прокуратура алдына қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары жиналып, құқық қорғау органдарына бірнеше талап айтты. Жиналғандардың бір тобы қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, жараланғандарды ауруханаға жатқызуды немесе туыстарына жіберіп, емдеуге мүмкіндік беруді; келесі бір тобы – тергеудің әділ өтуін және ауыр бапты оңды-солды бейбіт азаматтарға таға бермеуді, азаптамауды, негізсіз ұсталғандарды босатуды талап етті. Кейбір азаматтар оқиға кезінде қаза болғандарға эскгумация жасауға қарсы шықты.
Солардың бірі Өскемен қаласының тұрғыны Арайлым Сағатбаева оқиға кезінде қаза болған ұлына эксгумация жасамауды талап етті. Оның сөзіне қарағанда, "халықтың әл-ауқатының нашарлауына наразылық білдірмек болып, бейбіт митингіге шыққан ұлы 7 қаңтарда Өскеменде қаза болған". Енді оның денесін тергеу органдары қазып алып, тергеу жүргізбекші.
– Аймақта үндеріміз естілмей жатыр. Негізі бізде де митинг болды. Бізде де бейбіт жиынға қатысқандар қаза болды. Тергеу әділ жүргізілсін. Өлген балама террорист деп айып тақпауын, дақ қалдырмауын талап етемін. Ол ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Керісінше, мені жәбірленуші ретінде танып, ұлыма оқ атқандарды жазалауын талап етемін, – деді ол прокуратура ішінде.
Жиналғандар "Бостандық" деп те айғайлады. Кейбір наразылар полицияның ұсталғандарды азаптау арқылы мойындатуға тырысқанын айтып, доғаруды талап етті. Олардың қолында айыптарды алуды талап еткен жазуы бар плакаттар да болды.
Прокуратурадан 7-8 қызметкер шығып, ата-аналардың, ұсталғандардың жақындарының арыз-тілегін тыңдады. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, 1 қаңтарда кешке қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған екі адам қамаудан босатылады. Мұны естіген екі адамның туысы қуанды.
Бүгін, 1 қаңтарда осыған ұқсас наразылықтар Қазақстанның өзге өңірлерінде де өтеді деп хабарланған.
- Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпады. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтқан.
- Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті ретінде ұсталып, қамалған азаматтардың туыстарынан тергеу кезінде ұрып-соғып, кейбірін тірі әкетіп, өлі қайтарғаны туралы арыз-шағым көбейген. Қоғам өкілдері, жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаматтарды азаптауды дереу доғаруға үндеген.
- Осыған дейін Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан 109 шағым түскен. 11 шағым бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.
- Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "біржақты сипаттағы" және "объективті емес тұжырымдарға негізделген" құжат деп атады.
ПІКІРЛЕР