Accessibility links

ҰҚК басшысының орынбасары президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалды


Мұрат Нұртілеу.
Мұрат Нұртілеу.

Мұрат Нұртілеу президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалды. Арнайы жарлық 1 ақпанда Ақорда сайтында жарияланды.

Ол қаңтардағы дүрбелең кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Ол бұл қызметте бір айға жуық уақыт отырды. Оған дейін президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған.

Бұған дейін президент әкімшілігін Ерлан Қошанов басқарған. Сейсенбі күні ол мәжіліс депутаты ретінде тіркеліп, спикер болып сайланды. Ол мәжілістің үш шақырылымында спикер болған, 1 ақпанда депутаттық өкілеті тоқтатылған Нұрлан Нығматулинді алмастырды.

45 жастағы Мұрат Нұртілеу 2021 жылдың ақпан айы мен 2022 жылдың қаңтар аралығында президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған. 2019 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған кезде президенттің көмекшісі болып тағайындалған. Ұзақ жыл сыртқы істер министрлігінде істеген. 2016-2019 жылдары Финляндия елшісі болды.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда бірқатар кадрлық ауыс-түйістер болды. Оқиға кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы ауысты. 12 қаңтарда үкімет қайтадан бекітілді. Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі жаңадан тағайындалды. Кейбір сарапшылар билікке сын көбейген шақта Ақорда бірқатар кадрларды ауыстырып, өзгеріс жасағандай кейіп танытып отыр, шын мәнінде Назарбаев кезеңіндегі шенеуніктер бір-бірімен орын алмастырды, жағдай өзгермейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG