Accessibility links

Алматыда Украинаны қолдау акциясы өтті


Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы. 24 ақпан 2022 жыл.
Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы. 24 ақпан 2022 жыл.

25 ақпанда Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы алдына тағы белсенділер жиналды. Бұл жөнінде Orda және Vlast сайттары хабарлады.

Полиция консулдық қақпасына ілінген Ресей басшысы Владимир Путиннің суреті бар түрлі балағат сөздер жазылған қағазды бірден алып тастаған.

"Ресей, Украинадан қолыңды тарт" деген жазуы бар қызыл түсті плакат ұстаған құқық қорғаушы Андрей Свиридов Orda.kz сайтының тілшісіне:

"Кешеге дейін соғыс болады дегенге сенген жоқпын. Әскер жинап, қорқытып қана қояды деп ойладым. Кешенің арғы күні олар Луганск мен Донецк облысын бақылауға алуы мүмкін шығар дедім. Бірақ бүгінгідей таңғы сағат төртте дәл 1941 жылғы сияқты Киевті бомбалайды деген нәрсе үш ұйықтасам түсіме кірмеген" деді.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері болған. Адамдардың ұсталғаны туралы ақпарат болған жоқ.

25 ақпанда түсте Нұр-Сұлтанда Ресей елшілігі алдында Украинадағы соғысты тоқтатуды талап еткен ЖСДП мүшесі Талғат Омаровты полиция ұстап әкетіп, кейіннен босатқан еді.

Бір күн бұрын осыған ұқсас акция Алматыдағы Ресей бас консулдығында болған. Акцияға келген Oyan, Qazaqstan белсенділері Ресейдің "тәуелсіз мемлекетке шабуыл жасауын айыптап, украин азаматтарына қолдау" білдірген.

– Біз түбегейлі түрде соғысқа қарсымыз. Ресей Украинаға соғыс ашты, суверенді мемлекетке шабуыл жасады. Біз мұндай әрекетті қолдамаймыз. Украинамен бірге екенімізді білдіргіміз келеді. Қазақстанда оларды түсінетін, қолдайтын адамдар бар екенін, жалғыз емес екенін жеткізгіміз келеді. Сол себепті наразылық білдіру үшін Ресей консулдығына келдік, – деген еді белсенді Дархан Шәріпов.

24 ақпанда Ресей қалаларында Украинадағы соғысты айыптаған акциялар өтті. "ОВД-инфо" сайтының дерегінше, акциялар кезінде 1700-ден астам адам ұсталған. Арасында журналистер де бар. Полиция Азаттықтың Орыс қызметінің үш тілшісі ұстаған.

Акциялардың ең ірілері Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында өткен. Оған бірнеше мың адам қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG