Accessibility links

Астанада студенттер елшілік алдында Украинаны қолдау акциясын өткізді


Нұр-Сұлтанда Украина елшілігі алдында студенттер украин халқын қолдап, акция өткізді. 25 ақпан 2022 жыл.
Нұр-Сұлтанда Украина елшілігі алдында студенттер украин халқын қолдап, акция өткізді. 25 ақпан 2022 жыл.

25 ақпанда Украинаның Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдына кемінде 20 студент жиналып, Украина азаматтарына қолдау білдірді. Олар Ресейдің көрші елге агрессиясын айыптап, соғысты доғаруды талап етті. Жиналғандардың басым бөлігі – Назарбаев университетінің студенттері.

– Біз соғысты тоқтатуды талап етіп отырмыз. Тарихтан не болғанын білеміз: Грузиядағы соғыс, Абхазиядағы қақтығыс. Қырым. Енді 2022 жылы Украинаның тұтастығына нұқсан келіп отыр. Менің ойымша, тәуелсіз Украинадан Ресей әскерін шығаруы тиіс. Бұл соғысты қолдамаймыз, келіспейміз. Украина өз болашағын өзі таңдауы тиіс, – деді Бейімбет Молдағали.

Жиналғандардың қолында "Путин, соғысты тоқтат!", "Бізге соғыс емес, бейбітшілік керек" деген жазуы бар плакаттар болды. Олар елшілік алдында "Соғыс тоқтатылсын!", "Украина жасасын!" деп айқайлады.

Украина елшілігі алдындағы қолдау акциясы. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2022 жыл.
Украина елшілігі алдындағы қолдау акциясы. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2022 жыл.

Сәлден соң Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский шығып, студенттерге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Олар студенттерге "автобусқа отырыңдар, үйлеріңе жеткізіп салайық" деген ұсыныс жасап, тезірек таратып жіберуге тырысты. Ал студенттер оған келіспеді.

Жиналғандар елшілік алдындағы тақтаға плакаттарын іліп, гүлдерін қойып, сәлден соң тарасты.

Акцияға қатысушылардың бірі сәлден соң Азаттыққа хабарласып, полицейлердің оларды жолда тоқтатып, газельге кіргізгенін, құжаттарын тексеріп, өздері туралы мәліметті жазып алғанын айтты. Бұдан соң студенттерді босатып жіберген.

24 ақпаннан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, украин халқын қолдаған акциялар өтіп жатыр. Полиция екі акция кезінде адамдарды ұстады.

Ресей басшысы Донбасқа әскер кіргізу туралы бұйрық шығарған кезде Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украина мен Ресей арасындағы соғыста бейтарап позиция ұстанатынын, мәселені бейбіт жолмен шешуді қолдайтынын мәлімдеген.

Батыс елдері Ресейдің Украинадағы әскери қимылын айыптап, санкция салған. БҰҰ Ресейді соғысты тоқтатып, әскерін Украинадан алып кетуге үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG