Accessibility links

Ақтөбе әкімдігі белсендіге 8 наурызда митинг өткізуге рұқсат бермеді


Ақтөбе қаласы әкімдігі.
Ақтөбе қаласы әкімдігі.

Ақтөбе әкімдігі әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап етіп, 8 наурыз күні митинг өткізбек болған тұрғын Ольга Смирноваға рұқсат бермеді. «Қазақстан әйелдері зейнет демалысына қазіргідей 63 жаста емес, 58 жасында шығуы тиіс» деп санайтын Ольга Смирнова әкімдіктің үстінен прокуратураға шағымданғанын айтты.

- Қалалық мәдениет үйі жанындағы алаң - Ақтөбедегі бейбіт митингілер үшін бекітілген жалғыз орын. Билік бекітіп берген тағы бір орын қаланың шет жағында. Қазақстан Республикасындағы «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы» заңның 9-бабына сәйкес әр облыс орталығында мұндай орын саны үшеу болуы тиіс. Ақтөбеде екеу ғана. Соның өзін әкімдік «мерекелік шара өткіземіз» деп бермей қойды. Осылайша билік әйелдердің конституциялық құқына қол сұқты, - дейді Ольга Смирнова.

Зейнет жасын төмендету талабымен Ольга Смирнова 2021 жылғы қараша айында Ақтөбеде жалғыз адамдық пикет өткізген еді. Смирнованың сөзінше, кейінгі кезде Ақтөбеде «әйелдердің зейнет жасын төмендетуді қолдайтын қозғалыс» мүшелері көбейе түскен. Сондықтан Смирнова тіркелмеген қозғалыстың елу шақты мүшесінің қатысуымен митингі өткізбек болған.

Ақтөбе қаласының әкімдігі қала тұрғыны Ольга Смирнованың бейбіт митингі өткізбек болғанынан растады. Әкімдік белсендінің дүйсенбі күні жолдаған хабарламасына сәрсенбі яғни, 2 наурыз күні күні кешкілік жауап берген.

- Хабарламада көрсетілген орында 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт болады. Сол себепті Смирнованың митингі өткізу туралы хабарламасына келісім бермедік, - делінген әкімдіктен Азаттыққа жолданған жауапта.

Кейінгі жылдары денсаулығы сыр беріп жүргенін айтқан Ольга Смирнованың жасы 58-де. Ол өзін "әйелдердің зейнет жасын төмендетуді қолдайтын қозғалыс мүшесімін" деп таныстырады. Айтуынша, бұл қозғалысты Қазақстанның бірнеше қаласында тұратын жүздеген әйел қолдап отыр. Ресми тіркелмеген қозғалыс мүшелері осыған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пикет өткізіп, "Зейнетақы туралы" заңға өзгеріс енгізуді талап еткен.

Қазақстан әйелдерінің зейнет жасын төмендетуді қолдайтын қозғалыс өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа онлайн петиция жолдап, оған мыңдаған адам қол қойған. Петицияны қолдаушылар "Әйелдер зейнет демалысына – 58 жасында, ал мүгедек баласы бар әйелдер 55 жасында шығуы тиіс" деп санайды.

Қазақстанда 2018 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңестіріле бастаған. Заңға сәйкес, 2027 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын жарты жылдан көбейеді. Бұрын әйелдер 58 жаста шықса, енді 63 жаста шығатын болады. Ал ерлер зейнетке бұрынғыша 63 жаста зейнетке шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG