Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей коммунистік партиясының жетекшісі Геннадий Зюгановтың екі ай бұрынғы мәлімдемесіне пікірін айтты.
Қаңтар оқиғасынан кейін Геннадий Зюганов Қазақстанда "русобофия" барын айтып, елде барған сайын орыс тілінің қолдану ауқымының тарылып бара жатқанын алға тартқан. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстанда орыс саясаткерінің екі ай бұрынғы мәлімдемесі әлеуметтік желілерге қайта шығып, қызу талқылана бастаған.
Бейсенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап берген сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді орыс саясаткерінің сөзіне министрлік ресми түрде наразылық жасамайды деп мәлімдеді.
"Ресей коммунистік партиясының жетекшісі Зюганов өзін билікке оппозиция ретінде көрсетіп жүр. Ал оппозиция үнемі биліктің ресми ұстанымына қайшы пікір айтады. Зюгановтың мәлімдемесі ресейлік федералдық арналардың бірде-бірінен көрсетілмеді. Президенттің Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ресейдің Қазақстанға территориялық тұрғыда ешқандай претензиясы жоқ екені жоғары деңгейде расталды" деді Тілеуберді.
Ол Зюгановтың екі ай бұрынғы мәлімдемесінің дәл қазір – Украинадағы жағдай ушыққан кезде шығуын кездейсоқ санамайды.
"Қарулы қақтығыс кезінде ақпарат кеңістігінде де күрес үдейді және оған Қазақстанның ақпараттық кеңістігі де кіреді" деген министр журналистерге видеоның қазір шығу себебін зерттеуге кеңес берді.
Қазақстан қоғамында қызу талқыланған видеода Зюганов Қазақстанда "русофобия" барын, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде орыс тілі оқытылмайтынын атап өткен. Ол Ресей билігін "орыстілді халықты ұлттық бассыздықтан қорғауға" үндеген.
"Орыс тіліне көп назар аудару қажет. Кезінде [Қазақстанда] орыстар мен қазақтардың үлес салмағы бірдей болған – әрқайсысы 6 миллионнан асып жығылатын. Үш миллионнан астамы Қазақстаннан қашып кетті – орыстар, немістер, украиналықтар, белорустар, татарлар. Таза русобофиялық саясат өте қауіпті" деді Зюганов.
Былтырдан бері Ресей саясаткерлері мен ақпарат құралдары Қазақстанның аумақтық тұтастығына, елдегі орыс тілінің ахуалына қатысты қарама-қайшы мәлімдемелер жиі жасап келеді.
Ресей билігі Украинаны "денацификациялау" туралы айтып, көрші елге басып кіргеннен кейін Қазақстанда мұндай мәлімдемелерге жұрт көбірек назар аудара бастаған. Демалыс күндері Алматыда өткен Украинаны қолдау акциясында кейбір славян ұлтының өкілдері Ресей басшысына қарата "Владимир Владимирович, если что, нас спасать не надо" (Бізге көмек керек жоқ) деген тәрізді плакаттар ұстап, Ресей билігінің әрекетіне қарсылық білдірді.
Былтыр күзде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Российская газета" басылымында жариялаған мақаласында Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге ксенофобиялық көзқарас барын айтқан. Оған пікірін айтқан Мұхтар Тілеуберді Лавровтың мақаласы "бірінші кезекте Қазақстан мен Ресей арасындағы жақсы қарым-қатынас туралы, оның сөзін контекстен бөліп әкетпеу керек" деген.
Кремльге жақын саясаткерлердің, билікшіл басылымдардың Қазақстандағы тіл мәселесін қозғап, оның егемендігіне шәк келтірген мәлімдемелерінің артында Ресей билігінің өзі тұр деп санайтын сарапшы көп.
ПІКІРЛЕР