Қамауда жатқан саясаткер Жанболат Мамайды қолдаушылар Алматы қалалық полиция департаменті алдында ұрандатты. Бұл жөнінде Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай хабарлады.
- Полиция департаментінің алдына Жанболат Мамайға бостандық сұрап, плакат ұстаған 20-дан аса адам келді. Мұны билік өкілдері митингі деп есептейтіні байқалды. Сағат 13-ке жақындағанда әкімдік өкілідерінің бірі келіп, "заңсыз митингі" деп құлаққағыс жасады, одан кейін прокурор киіміндегі адам "заңсыз шараны тоқтатпасаңыздар полиция алып кетуі мүмкін" деп ескертті,- дейді ол.
Мәншүк Асаутайдың сөзінше, Жанболат Мамайға белгіленген сот отырысы сағат 15-те басталады, бірақ онлайн өтеді.
Алайда оған қарамастан Жанболат Мамайды жақтаушылар полиция департаменті ғимараты маңына кетпей тұр. Олар "Жанболат Мамайды қамауға алса, осы жерде аштық жариялауға бекінгенін" айтқан. Жиналғандарды полиция қадағалап тұр.
Ақпан айының соңында Жанболат Мамай 13 ақпан күнгі қаңтар оқиғасын еске алған азалы митингіге қатысқаны үшін 15 күнге қамалған еді. Бұған дейін осы митинг үшін өзге де белсенділер де қамалып, оларға айыппұл салынған.
Демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ жетекшісі Жанболат Мамай 12 наурызда әкімшілік қамаудан босап шығуы тиіс болған. Алайда полиция белсендіні босатпады. Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, "Жалған ақпарат тарату" бабы (274-бап) бойынша істе Жанболат Мамай қорғануға құқығы бар куәгерден күдікті статусына ауыстырылған.
Сенбі күні жақтастары мен туыстары Алматы қалалық полиция департаментінің алдына жиналып, жарты күн белсендіні босатуды талап еткен. Кешке қарай Мамайдың 48 сағатқа қамалғаны белгілі болған.
13 ақпанда Алматының Республика алаңында жүздеген адам қатысқан Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өткен. Оған елдегі түрлі саяси күштер, белсенділер, қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуді, ұсталғандарды азаптауды тоқтатуды талап еткен. Кейбір адамдар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтқан.
ПІКІРЛЕР