Accessibility links

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған белсенділердің қамау мерзімі тағы екі айға ұзарды


Жай киімдегі адамдар наразылық өтеді деген аумақта белсенді Ерғали Құлбаевты күшпен ұстап жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.
Жай киімдегі адамдар наразылық өтеді деген аумақта белсенді Ерғали Құлбаевты күшпен ұстап жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

Шымкенттің қалалық тергеу соты қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, қылмыстық іспен қамауға алынған белсенділер Ерғали Құлбаев, Жанмұрат Аштаев, Ләззат Досмамбетова, Қайрат Сұлтанбек, Молдабай Сәдібековтің қамау мерзімін тағы екі айға ұзартты. Бұл туралы 30 наурыз күні белсенділердің адвокаты мен туыстары хабарлады.

Адвокат Мұрат Жолшиев өз қорғауындағы белсенділер Жанмұрат Аштаев, Ләззат Досмамбетова, Қайрат Сұлтанбектің қамау мерзімі тағы екі айға ұзартылғанын айтады. Адвокат ұсынған сот қаулысына қарағанда, қамау мерзімін ұзарту туралы өтінішті тергеу амалдарының аяқталмағанына байланысты қалалық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасы берген. Қаулыда прокуратура күдіктілердің «қылмыс жасағаны-жасамағаны, оның дәлелденгені-дәлелденбегені туралы түйін жасамағанын» атап көрсеткен. Десе де, қамау мерзімін ұзартуға белсенділердің туыстары келіспейді.

- Бүгінгі күнге дейін тағылған айыпты дәлелдейтін айғақ көрсетілмеді. Қамау мерзімін ұзартуға Жанмұрат қарсы, келіспейді. Себепсіз қамауда отырғанына күйіп отыр, - дейді Жанмұрат Аштаевтың әйелі белсенді Мөлдір Нұранова.

Ерғали Құлбаевтың әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Назерке Нәлібайға прокуратура күйеуінің қамауда ұстау мерзімін ұзарту себебін айтпаған.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты 7 белсенді ұсталып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Белсенділердің екеуі Нұрлыбай Татаев пен Карима Хайдарбекова ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан шығарылған. Олардың ісін прокуратура саралап, «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен босатқан.

Қалғаны Шымкенттегі Сәуле ықшам ауданында орналасқан ИЧ-169/11 тергеу мекемесінде қамауда жатыр.

14 наурыз күні прокуратура «Ғимараттарды, құрылыс нысандарына шабуыл жасау» (269-бап) бабымен қамауда жатқан белсенді Жанмұрат Аштаевтың ісін қайта саралап, жаңа қаулы шығарған. Оған қосымша «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен іс қозғалғаны хабарланды.

Шымкентте қаңтар оқиғасы 4 қаңтарда басталды. Куәгерлердің айтуынша, 6 қаңтарға қараған түні наразыларға оқ атылған. Қаңтар көтерілісіне байланысты 86 адамға қалмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот санкциясы шыққан. Қазір олардың қырыққа жуығы қамауда, қалғаны бұлтартпау амалымен қамаудан босатылған.

11 наурыз күні Шымкент соты Қаңтар оқиғасына байланысты төрт адамды «Ұрлық» бабымен соттады. Олардың бас бостандығы үш жылға шектелді.

Шымкентте ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 19 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандар арасында кемінде 30-ға жуық азаматтық белсенді бар. "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина бұған дейін олардың тізімін де жариялаған. Олар негізінен "жаппай тәртіпсіздік", "терроризм", "көрінеу жалған ақпарат тарату" баптары бойынша күдікке ілінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG