23 сәуірде күндіз Алматыда Махатма Ганди атындағы саябақта "әлеуметтік желілерді шектейтін" заң жобасына қарсы рұқсат етілген митинг өтті. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оған жүзге жуық адам жиналған.
Митингіде сөйлегендер осы аптада президентке қол қоюға жіберілген заң жобасы сөз бостандығын шектейтінін, түзетулерге қарсы екенін жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты құжатқа вето қоюға үндеді.
Бұған дейін сенат құжаттан қоғамда дау туғызған кейбір пунктерді алып тастағанмен құқық қорғаушылар жобаның әлі шикі екенін айтқан.
Жиналғандар "Ресейдегідей болсын дейсіздер ме?" (Вы что, хотите как в России?), "Адамдарды VPN қолдануға мәжбүрлегенше ЖІӨ-ні ұлғайтыңыздар" (Не заставляйте людей пользоваться ВПН, займитесь увеличением ВВП), "Мен енді мысықтарды қайдан көремін?" (Ну и где мне смотреть на котиков?), "Еркіндік парламент заң қабылдаған жерде аяқталады" (Свобода заканчивается там, где парламент принимает законопроекты) деген тәрізді плакаттар ұстап тұрды.
Осыған дейін заң жобасының авторлары құжат балаларды кибелбуллингтен қорғауға бағытталғанын айтқан. Сенбі күнгі митингіде құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль кибербуллинг әншейін сылтау екенін, шын мәнінде құжат "интернеттегі ақпаратты бақылауды көздейтінін" жеткізді.
"Кибербуллинг мәселесін әртүрлі амалмен шешуге болады, бірақ ол қолданушылардың құқықтарын шектемеуі тиіс. Біз интернетті бақылауды доғаруды талап етеміз. Кибербуллинг анықталған жағдайда интернет-ресурстар мен контент авторларының мемлекеттік орган талаптарына қарсы шағым түсіруіне мүмкіндігі болуы тиіс. Кибербуллинг барлық ресурсты шектеуге негіз болмауы тиіс" деді ол.
Құқық қорғаушы "балалар үшін бірінші кезекте мемлекет емес, ата-аналар жауапты. Кибербуллингпен күрес әдістері шексіз емес, шектеулі болуы тиіс" деді.
Батыс елдерінің тәжірибесіне тоқталған Әйгерім Құсайынқызы есімді тұрғын кибербуллингпен Батыс елдері жасанды интеллект арқылы күресетінін айтты.
Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов президент Қасым-Жомарт Тоқаевты құжатқа вето қоюға шақырды. Оның пікірінше, құжаттағы ережелер сәл жұмсартылса да, әлеуметтік желілер мен мессенжерлерді шектеуге мүмкіндік береді.
Митингіге Қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың туыстары да келген. Олар жақындарын босатуды талап етті.
Әкімдік өкілі ұйымдастырушылардан "тақырыптан ауытқымауды" талап етті.
Оқиғаны полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды.
20 сәуірде мәжіліс әлеуметтік желілерді "реттеуге бағытталған" заң жобасына сенат енгізген өзгерістермен келісіп, құжатты талқыламай қабылдаған еді. Оның алдында сенат қоғамды алаңдатқан құжатқа бірнеше түзету енгізген. Атап айтқанда, жаңа түзетулерге сәйкес балаларға кибербуллинг жасағаны туралы фактілерді арнайы сарапшылар тобы қарайды. Бұған дейінгі жоба бойынша, бұл мәселені тек уәкілетті орган ғана қарауы тиіс болған. Құжаттан уәкілетті органға интернет-ресурс, әлеуметтік желілер мен мессенжерлердің жұмысын өз бетінше шектеу немесе тоқтату өкілетін беру туралы норма да алынып тасталған еді. Сенбі күнгі митингіде медиа сарапшылар заң бәрібір әлеуметтік желілерді шектеуге мүмкіндік беретінін айтып, билікті құжаттан бас тартуға үндеді.
- Былтырдан бері қоғамда дау туғызып келе жатқан заң жобасына сәйкес, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстан аумағында жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Бұл ережені орындамаса, құжат күшіне енгеннен кейін желілер бұғаттала бастайды. Бұған қоса, құжат тіркелген өкілдіктерді Қазақстанның өкілетті органдары тыйым салған немесе шектеу қойған ақпараттарға тосқауыл қоюға міндеттейді.
- Жоба сыншылары заңға енетін түзетулер цензураны күшейтіп, ақпарат алу еркіндігін шектейді деп санайды. Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және өзге де танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына бөгет жасайды дейді.
- Ал заң жобасы авторлары мұндай уәждермен келіспейді. Жоба авторлары "құжат балаларды кибербуллингтен қорғайды, әлеуметтік желілерді бұғаттамайды, тек бірқатар шектеу қояды" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР