Ақтөбе әкімдігі құқық қорғаушы Әлима Әбдіроваға Украинаны қолдап, жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат бермеді. Құқық қорғаушы 28 хабарламасының бірде-біреуін қанағаттандырмаған әкімдіктің үстінен прокуратураға шағымданғанын айтады.
- Оныншы наурыздан бері Ақтөбе әкімдігіне 28 рет хабарлама жібердім. Соңғы хабарламамда 1 мамыр күні Украинаны қолдап, жалғыз адамдық пикет өткіземін дегенмін. Тағы да рұқсат бермеді. Әкімдіктің жауабы еш қисынға келмейді. Ондағылардың пікірінше, Путинді агрессор, фашист деп атауға болмайды екен. Путинді өкпелету – Ақтөбеде ұлттық алауыздықты қоздыру деп бағаланады, - дейді Әлима Әбдірова.
Ақтөбе әкімдігі құқық қорғаушының 28 өтініш бергенін растады. Әкімдіктің хабарлауынша, соңғы рет Ақтөбенің үш тұрғыны 1 мамырда пикет өткізетінін айтып, өтініш түсірген. Алайда үшеуіне де рұқсат берілмеген.
"Әкімдікке келіп түскен үш хабарламаның үшеуіне де рұқсат берілген жоқ. Яғни, 1 мамыр күні Ақтөбеде рұқсат етілген бейбіт жиындар болмайды. Әлима Әбдірованың хабарламасына келер болсақ, Қазақстан республикасында "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңның 14-бабы 1-тармағындағы 1,3-тармақшаларына сәйкес, жалғыз адамдық пикет өткізуіне тыйым салынды" делінген әкімдіктің хабарламасында.
Ал "бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" заңның 14-бабында "ұлттық, діни, тектік, топтық алауыздықты" қоздыратын, "мемлекет пен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін" бейбіт жиынға рұқсат етілмейтіні жазылған.
Әбдірованың айтуынша, ол әкімдіктің әрекетіне шағымданып, прокуратураға 22 сәуірде арыз түсірген, бірақ әзірге жауап жоқ.
Кейінгі күндері әлеуметтік желіде 1 мамыр күні Ақтөбеде Украинаны қолдаушылардың рұқсат етілген митингісі өтетіні туралы хабарлама тарай бастаған. Әкімдік мұны жоққа шығарып отыр.
Әлима Әбдірова – қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып, наразылық білдіріп жүрген белсенді, құқық қорғаушы. Ол былтыр жергілікті құқық қорғаушы Ольга Климоновамен бірігіп, Еуроодақтан "адам құқықтарын бұзғаны үшін" Назарбаевқа санкция салуды талап еткен.
Қазақстанда бұған дейін Ресей басқыншылығын айыптап, Украинаны қолдаған акциялар өткен. Кейбірінде полиция акцияға қатысқандарды ұстаған.
Мәскеумен одақтас ел саналатын Нұр-Сұлтан Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық айыптаған жоқ. Бірақ Қазақстан билігі жекелеген мәлімдемелерінде Украинаның территориялық тұтастығын мойындайтынын, Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігін" мойындамайтынын айтқан.
ПІКІРЛЕР