Алматыда полиция Шоқан Уәлиханов атындағы алаң маңынан тіркелмеген демократиялық партия белсенділерін күштеп ұстап әкетті. Олардың арасында Инга Иманбай, Абзал Достияров, Нұрбол Бәйтереков бар. Бұл жөнінде оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады. "Инга мен Жанболатқа бостандық" деп айқайлаған белсенді Әсем Жәпішева да ұсталған.
"Демпартия" өкілдері осыған дейін 7 мамырда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда саяси тұтқындарды босатуды, белсенді Жанболат Мамайды бостандыққа шығаруды талап етіп, митинг өткізетінін хабарлаған. Сенбі күні белсенділер түсте алаңға келген кезде ол жерде Отан қорғаушылар күніне арналған ресми шара өтіп жатты.
Белсенді Абзал Достияров ұсталмай тұрып "партия өкілдерінің митинг өткізетінін әкімдікке ескерткенін, бірақ соған қарамастан сенбі күні алаңда ресми шара өтіп жатқанын" сынады.
"Бұл биліктің ешқандай өзгеріске дайын еместігін, Тоқаевтың саяси реформа жасаймын деген сөзі өтірік екенін көрсетеді" деді Достияров.
Бұдан соң әкімдік пен прокуратура өкілдері жиналған белсенділерге ескерту жасап, артынша арнайы жасақ бірден ұстай бастады.
Ұсталғандар "Жанболатқа бостандық", "Бостандық" деп айқайлады.
Қоғам белсендісі Төлеген Жүкеевтің айтуынша, белсенділерді өздері тұратын аудан бойынша әртүрлі бөлімшелерге алып кеткен.
Алматы қаласының прокуратурасы бірнеше сағаттан соң белсенділердің ұсталуына қатысты түсініктеме берді
Прокуратураның хабарлауынша, “демпартия” белсендісі Инга Иманбай 18 сәуірде қалалық әкімдікке митинг өткізуге өтініш берген. Алайда 7 мамырда Шоқан Уәлиханов атындағы алаң “бос болмағандықтан” әкімдік өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Құзырлы органның айтуынша, “соған қарамастан Инга Иманбай сенбі күні бір топ адаммен бірге рұқсат етілмеген митинг және шеру өткізбек болған”.
“Осыған байланысты қоғамдық тәртіпті бұзбау мақсатында полиция қызметкерлерімен заңсыз акция тоқтатылды. Инга Иманбай және басқа да тұлғалар іс-әрекеттерін тексеру және құқықтық баға беру үшін полицияға жеткізілді” деп жазылған прокуратура хабарламасында.
Тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай өзіне қозғалған екі қылмыстық іс бойынша ( “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату”) қазір қамауда отыр. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады. Бұған дейін жақтастары наразылық өткізіп, белсендіні босатуға шақырған. 6 мамырда Мамайдың қамау мерзімі 12 маусымға дейін ұзартылды.
Осыған дейін Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.
Мамай авторитар үкіметті қатаң сынаумен танылған. Ол Қазақстанның демократиялық партиясын құрып, тіркеуге тырысқан. Бірақ биліктің кедергі келтіргенін алға тартқан.
ПІКІРЛЕР