Түркиямен арадағы мәселе шешілмей, Стокгольмның НАТО-ға мүшелігі кейінге қалдырылса, Финляндия да НАТО-ға кірмейді. Бұл жөнінде Финляндия президенті Саули Ниинистё НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергпен бірге өткізген баспасөз конференциясында мәлімдеді.
"Швецияның ісі – біздің ісіміз. Біз әрқашан қол ұстасып, қатар жүреміз", - деді Ниинистё.
Биыл 24 ақпанда Ресей Украинаға шабуыл жасаған соң Финляндия мен Швеция да қауіптеніп, НАТО құрамына алу жөнінде өтініш берген. Скандинавия елдерін мүшелікке қабылдауға Түркия қарсы болған.
Анкара олардан Күрдістан жұмысшы партиясына қолдау көрсеткенді тоқтатуды талап еткен. Түрік билігі бұл ұйымды террор партия деп санайды. Түркия мұнан өзге, Швеция паналатып отырған, "террорға қатысы бар" күрд белсенділерін беруді талап етіп отыр.
Столтенбергпен бірге баспасөз конференциясын өткізген Ниинистё Түркия қарсылығын күтпегенін, бірақ Анкара талабына мұқият назар аудару қажеттігін айтты.
Столтенбергтің сөзінше, НАТО елдерінің ішінде террордан дәл Түркиядай зардап шеккен ешкім жоқ, сондықтан бұл мәселені де ескеріп, түсіністікпен қарау керек.
Маусымның аяғында Мадридте НАТО саммиті өтеді. Столтенбергтің сөзіне қарағанда, Швеция мен Финляндияның өтініші тек осы саммитте шешілуге тиіс деген мәселе әу бастан күн тәртібінде жоқ. НАТО Түркияның "заңды талаптарына" назар аудара отырып, Стокгольм, Хельсинки және Анкарамен сөйлесіп отыр.
ПІКІРЛЕР