Accessibility links

Британия барлауы: Ресейдің де, Украинаның да жауынгерлерінің "рухы түскен"


Украинада қираған ресейлік танкілер. 2022 жылдың мамыры.
Украинада қираған ресейлік танкілер. 2022 жылдың мамыры.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыс жайлы кезекті шағын хабарламасын жариялап, екі тараптың әскері қатарында "көңіл-күй мен әскери рух түскенін" айтады.

Британия барлаушылары мұны Северодонецктегі ұзаққа созылған ауыр шайқаспен байланыстырады.

"Кейінгі апталарда Украина жауынгерлері арасында дезертирлік жағдайлар болды. Ал Ресей жауынгерлерінің бүкіл бір бөлімшесі қақтығысқа қатысудан бас тартқан" дейді Британия тарабы.

Бұған қоса, хабарламада Ресей әскерінде командирлер мен солдаттар арасында жанжал жиілеп, кейде қару қолдануға дейін баратыны да айтылған.

Ұлыбритания барлаушылары Ресей жауынгерлері арасындағы кикілжіңге басшылықтың сапасыздығы, бөлімшелерді ауыстырудың әлсіздігі, көп адам шығыны мен логистиканың нашарлығы себеп дейді.

"Көптеген жауынгерлерге Ресей билігінің мақсаты мен тапсырмасы да түсініксіз" дейді Британия қорғаныс министрлігі.

Көктемде Киевті ала алмаған Ресей қарулы күштерін Украинаның шығысына жіберіп, қазір Луганск пен Донецк облыстарын басып алуға көшкен. Екі тарап бірнеше аптадан бері Северодонецк қаласы үшін шайқасып жатыр.

НАТО мен Киев Украиндағы соғыс "жылдарға созылуы мүмкін" деп ескертеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG