Accessibility links

Мирзияев Нөкістегі оқиға туралы: Оны шетелдегі арам ниетті күштер ұйымдастырған


Шавкат Мирзияев.
Шавкат Мирзияев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Конституцияға Қарақалпақстан егемендігіне қатысты өзгерту енгізуге қарсы наразылықты "шетелдегі арам ниетті күштер ұзақ жылдар бойы ұйымдастырған" деп сипаттады.

Бірақ мемлекет басшысы нақты қай ел екенін айтпады.

Президенттің айтуынша, олар "Өзбекстан аумағының тұтастығын бұзып, ұлтаралық жанжал туғызуды көздеген". Нөкістегі оқиғаны зерттеуге қоғам өкілдері мен белсенділері де қатысады, дейді Мирзияев.

Мұның алдында Еуроодақ, Amnesty International, ​АҚШ және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі ресми Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны әділ тергеуге шақырған.

Мирзияев елдің Бас прокуратурасына "әрбір істі тиянақты әрі әділ тексеріп, әділетті баға беруін" тапсырған.

"Күш құрылымдарының әрекеттері де тиянақты түрде сарапталуы тиіс. Шамадан тыс күш қолданған болса, олар да қылмыстық жауапқа тартылуы керек", - деп мәлімдеді Мирзияев. Оның мәлімдемесін мемлекет басшысының баспасөз қызметі таратты.

  • Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық танытқан.
  • Наразылық күшпен басып-жаншылды. Президент Шавкат Мирзияев автономды республикада төтенше жағдай жариялады. Республикаға қосымша ұлттық гвардия күштері кіргізіліп, мобильді байланыс пен интернет өшірілді.
  • 4 шілдеде Өзбекстан билігі 18 адам қаза болғанын, 516 адамның ұсталғанын хабарлады. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау орган өкілі. Сол күні Өзбекстан парламенті Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.
  • Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG