Accessibility links

Нығматулиннің ұлы басқаратын "Қазфосфат" "697 миллион теңге заңсыз пайда тапты" деген күдікке ілінген


Минералды тыңайтқыш шығаратын "Қазфосфат" басшылығының үстінен "монополия арқылы 697 миллион теңге заңсыз пайда тапты" деген күдікпен тергеуге алынған. Бұл жөнінде Қазақстаның бас прокуратурасы хабарлады.

Тараз қаласындағы "Қазфосфат" зауыты басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны 15 шілдеде мәлім болған. Қылмыстық іс 13 шілдеде Жамбыл облыстық экономикалық тергеу департаментіне тіркелген. Іс қозғауға бәсекелестікті қорғау мен дамыту жөніндегі Жамбыл облыстық департаментінің қорытындысы түрткі болған.

Қаржы мониторингі жөніндегі агенттік "аммофосты сату кезінде монополиялық үстемдігін пайдаланып, жоғары баға қою арқылы заңсыз пайда табуды көздеген" деп хабарлайды.

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "тыңайтқыш зауыты өз өнімдерінің ірі бөлігін өзіне тиесілі компанияларға сатқан, олар әрі қарай 30 пайыз үстеме баға қойған" деп мәлімдеген еді.

Қазақстан БАҚ-тарының жазуына қарағанда, "Қазфосфат" зауытын парламент мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұрхан Нығматулин басқарады. Нұрлан Нығматулин биыл Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары және серіктерімен бірге қызметінен шеттетілген.

"Қазфосфат" өндірісінің тоқтауына байланысты 11 шілдеде апат болып, зауыттан шыққан улы түтін Тараз қаласын басып қалған. Экология министрлігі бастапқыда фторсутек қалыпты нормадан екі-үш есеге артты, аммиак, күкіртсутек, көмірқышқыл газының артық мөлшері анықталмады деп хабарлаған. Жамбыл облысының әкімдігі "тұрғындар денсаулығына қауіп жоғын" айтқан.

Кейінгі бір жарым айда кәсіпорында үш рет апат болып, екеуінде адам өлген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG