Accessibility links

Алматыда сайлау заңына түзетулерге қарсы шыққан тұрғынды полиция ұстап әкетті


Сайлау заңына түзетулерге қарсы шыққан Алматы тұрғыны Данияр Супиев жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. 24 шілде 2022 жыл. Сурет авторы Әйгерім Тілеубаева.
Сайлау заңына түзетулерге қарсы шыққан Алматы тұрғыны Данияр Супиев жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. 24 шілде 2022 жыл. Сурет авторы Әйгерім Тілеубаева.

24 шілдеде Алматыда "тәуелсіз бақылаушылардың мүмкіндігін шектейтін" түзетулерге қарсы шығып, пикет өткізген қала тұрғыны Данияр Супиевті полиция ұстап әкетті. Белсенділердің хабарлауынша, оны Бостандық аудандық полиция басқармасына алып кеткен.

Журналист Әйгерім Тілеубаеваның айтуынша, "оны не үшін ұстап жатсыздар?" деген сұраққа полиция қызметкерлері "әкімдік өкілдері заңсыз пикет өткізіп жатыр деп шағымданды" деп қысқа қайырған.

Данияр Супиев жексенбі күні сағат 12-де Желтоқсан және Сәтбаев көшелері қиылысында жалғыз адамдық пикет өткізген еді.

"28 шілдеде сайлау заңына түзетулерді талқылау мерзімі аяқталады. Бұл түзетулерде бақылаушылардың құқықтары қатты шектелген. Атап айтқанда, ендігәрі тәуелсіз бақылаушыларға аккредитация бергісі келетін ұйымдарды орталық сайлау комиссиясы мақұлдауы қажет. Егер бұл түзетулер қабылданса, Қазақстанда тәуелсіз бақылау деген атымен жоғалады" деген еді Данияр Супиев жарты сағат бұрын Азаттыққа.

Әкімдік өкілі келіп, шараның заңсыз екенін ескерткен. Данияр Супиев әкімдікке пикет өткізетіні жайлы хабарламаны 21 күні тапсырғанын жеткізген. Ал әкімдік қызметкері "хабарламаны бес күн бұрын беру қажет" деп пикетті тоқтатуды талап еткен. Полиция қызметкері келіп, Супиев пен сол маңда жүрген бақылаушылар мен журналистердің құжаттарын тексерген.

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

Жалғыз адамдық пикетке түрткі болған сайлау заңына түзетулер 8 шілдеде талқылауға шығарылған. Оған сәйкес, мысалы сайлауды орталық сайлау комиссиясының аккредитациясынан өткен ұйымдар ғана бақылай алады. Аталған түзетуге қарсы кампания бастаған белсенділер мен құқық қорғаушылар осылайша "сайлау учаскесіне кімді жіберу-жібермеу қажеттігін орталық сайлау комиссиясының өзі шешетін болады" деп тәуелсіз бақылаушылардың шеттетілуі мүмкін екенін алға тартады.

Бұған қоса, жаңа түзетулерге сәйкес, ОСК-ның аккредитациясын соңғы бір жылда шетелден қаржы алмаған үкіметтік емес ұйымдар ғана ала алады. Осының салдарынан көптеген үкіметтік емес ұйымдар сайлауды бақылау мүмкіндігінен айырылады дейді құқық қорғаушылар.

Түзетулерге қарсы кампанияны ұйымдастырушылардың бірі Әйгерім Тілеубаеваның айтуынша, қоғамның назарын осындай жайттарға аударту үшін 24 шілдеде әкімдікке митинг өткізетіні жайлы хабарлама түсірген. Әзірге билік өкілдері жауап бермеген.

P.s: 24 шілде сағат 15 шамасында белсенділер полицияның Данияр Супиевті босатқанын хабарлады. Полиция одан түсініктеме алып, әкімшілік іс қозғау үшін ертең полицияға шақырту берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG