Ресейдің "Газпром" компаниясы 27 шілдеден бастап "Солтүстік ағым – 1" газ құбырының тағы бір турбинасын тоқтататынын хабарлады. Осылайша Еуропаға баратын газ жоспардағы қуатынан тағы да 20 пайызға азаяды.
Корпорацияның мәлімдеуіне қарағанда, "Портовая" компрессор станциясындағы газтурбина қозғалтқышына жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сәрсенбіден бастап "Солтүстік ағым – 1" тәулігіне небәрі 33 миллион текше метр газ айдайтын болады.
"Солтүстік ағым – 1" – Германия мен Еуропаның өзге де елдеріне газ айдайтын Ресейдің негізгі құбыры. Оның жоспарлы қуаты – тәулігіне 167 миллион тонна текше метр. "Газпром" маусым айынан бері газ көлемін күрт азайтып, онысын санкция салдарынан Канададан турбина алдыра алмай отырғанымен түсіндірген. Құбырдың газ айдау қуаты бастапқыда тәулігіне 100 миллион текше метрге түссе, кейін 67 миллион текше метрге дейін азайған.
- "Газпром" турбиналарын Германияның Siemens фирмасы жасайды, оған Канадада техникалық қызмет көрсетіледі. Бұл екі ел де санкцияға қосылған.
- Германия канцлері Олаф Шольц пен экономика министрі Роберт Хабек "газдың азайғанына техникалық себеп емес, саяси себеп түрткі болды, Ресей Еуропа одағы елдеріне "газ соғысын" жариялап отыр" деп айыптай сөйлеген. Мәскеу мұны үзілді-кесілді жоққа шығарып келеді.
- Еуропа одағы пайдаланатын табиғи газдың 40 пайызын Ресейден келеді.
-
ПІКІРЛЕР