Орталық сайлау комиссиясы жаңадан құрылған үш облыс: Жетісу, Абай және Ұлытау облысынан сенатқа сайланатын депутаттарға дауыс берудің түпкілікті қорытындысын жариялады. Сайлауда жеңді деп танылған алты адамның үшеуі әкім, біреуі облыс әкімінің орынбасары.
Түпкілікті қорытындының алдын ала қорытындыдан айырмашылығы жоқ.
Жетісу облысынан сенат депутаты болып Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев (108 дауыс) және Жетісу мемлекеттік университетінің деканы Амангелді Толамисов (107 дауыс) сайланған.
Ұлытау облысынан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров (41 дауыс) және Ұлытау ауданының әкімі Советбек Медебаев (38 дауыс), Абай облысынан Семей әкімі Бақытжан Байахметов (91 дауыс) пен "Қайнар" колледжінің директоры Айнұр Арғынбекова (89 дауыс) сенат депутаты болып сайланған.
Сарыбаев, Шайдаров, Байахметов 2020 жылы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілет мерзімі бойынша сайланған. Ал Толамисов, Медебаев, Арғынбекова 2017 жылдың 28 маусымында сайланған депутаттарды алмастырады.
6 мандатқа 12 адам үміткер болған.
Парламент сенатына әр облыс пен республикалық маңызы бар - Алматы және Шымкент қалаларынан және Қазақстан астанасы - Нұр - Сұлтан қаласынан екі депутаттан сайланады. Оларды аталған облыстар мен қалалардың мәслихаттары сайлайды.
Конституция бойынша сенат депутаттары алты жыл сайын сайланады. Жартысы үш жыл сайын қайта сайланып отырады.
Биыл Қазақстанда жаңадан Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылған.