Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ықпалды ойыншылардың бірі Қытай көптен бері көздеген елдегі уран кеніштеріне қол жеткізді. Атом электр станцияларын салу бойынша әлемдегі ірі бағдарламаны іске асырып жатқан аспанасты еліне ядролық отын қажет. Пекин Қазақстанның оңтүстігіндегі екі уран кенішінің 49 пайызын сатып алып, шығыста ядролық реакторға қажет құрамаларды шығаратын зауыт салды. Зауыт өнімі түгелдей тек Қытайға жеткізіледі. Бұл мәміледен Пекин ұтатыны түсінікті. Ал келісімнен Қазақстанға қандай қауіп бар?
ҚЫТАЙДЫҢ УРАН КЕНІШТЕРІНЕ КӨЗ ТІГУІ
Осыдан шамамен он жыл бұрын Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстан астанасында Азия мен Африканы теңіз дәліздері мен құрлық жолдары арқылы Еуропамен жалғайтын "Бір белдеу – бір жол" бастамасын жария етті. Бұл жобаға көпшілік көлік және сауда саласын қамтитын бағдарлама деп қарады. Бірақ іс жүзіне келгенде бұл бастама энергетикалық секторға да бағытталған болып шықты.
Си Цзиньпиннің астанадағы сөзінен кейін үш жыл өткенде ядролық отын шығаратын қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны туралы әңгіме қозғала бастады. Нұрсұлтан Назарбаев президент болған кезде "индустриялық жобалар" (бұл жобалардың бір бөлігі ешқандай өнім шығармастан құрдымға кетті) телекөпір форматында сән-салтанатты түрде таныстырылып, сол тұстағы президент оларды іске қосуға рұқсат беретін. 2016 жылы өткен сондай телекөпірлердің бірінде Назарбаев атом электр станцияларына арналған жылу бөлгіш құрамаларды шығару жобасын мақұлдады. Билікке жақын ақпарат құралдары зауыт алғашқы өнімін 2020 жылы шығаратынын жарыса жазды. Телекөпір кезінде болашақ зауытты таныстырған Қытайдың уран өндіріп, оны сатумен айналысатын CGNPC-URC компаниясы бас директорының орынбасары Цай Юченг "бұл жоба "Бір белдеу – бір жол" бастамасы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастың сәтті мысалы" екенін мәлімдеді.
Бірақ уәде етілген зауыт 2020 жылы сол бойы іске қосылмады. 2016 жылы жер митингілері кезінде елде Қытайға деген қарсылық белең алды: әртүрлі қалада наразылыққа шыққан мыңдаған адам жер реформасы Пекиннің ауылшаруашылық жерлерін иеленуіне мүмкіндік беретінін айтты. Арада үш жыл өткенде Қытайға қарсы көңіл күйлер күшейе түсті. Мыңдаған адам Қазақстанда Қытай үлесі бар елуден астам өнеркәсіп және ауылшаруашылық кәсіпорнын ашу бастамасына қарсы шықты. Олар үкіметтен бұл жоспардан бас тартып, Пекиннен бұдан былай несие алмауды талап етті.
Пандемия кезінде көпшілік қатысатын бұқаралық шараларға тыйым салынып, наразылық екпіні мүлде басылып қалды. 2021 жылы Қытай көптен бері көздеген мақсатына жетіп, Қазақстан уранына қол жеткізді. Сол тұста ақпарат құралдары Қытайдың мемлекеттік China General Nuclear Power Corporation (CGNPC) мен "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы келісімге келгенін жазып жатты.
"Қазатомөнеркәсіп" пен CGNPC арасындағы серіктестік туралы мәмілеге сәйкес, тараптар Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургия зауытының аумағында орналасқан жылу бөлгіш құрамалар шығаратын "Үлбі ТВС" зауытын салуға келісті. Келісім аясында CGNPC "Үлбі ТВС" ЖШС-нің өнімдерін сатып алуға кепілдік берді, ал "Қазатомөнеркәсіп" оның орнына еншілес "Орталық" өндіруші кәсіпорны" ЖШС-ның 49 пайызын CGNPC-дің еншілес ұйымына сатуға келісті", − делінген "Қазатомөнеркәсіптің" есебінде. Сөйтіп, былтыр сәуірде екі тарап келісім-шартқа қол қойып, CGNPC-дің еншілес ұйымы − CGNM UK Limited компаниясы "Орталық" ӨК-нің" 49 пайызын 435 миллион долларға сатып алған. "Қазатомөнеркәсіптің" ақпаратына қарағанда, 49 пайыз үлесті 435 миллион долларға ірі халықаралық консалтинг компаниясы бағалаған.
"КЕЛІСІМДІ РЕСЕЙ ЖІТІ БАҚЫЛАДЫ"
"Қазатомөнеркәсіп" уран кеніштерін сатудан түскен табыс пен Қытайдың зауыт өнімдерін сатып алуға кепілдік бергенін келісімнің тиімді тұстары деп есептейді. "Қазатомөнеркәсіп" Азаттыққа берген жауабында бұл мәміле қосылған құны жоғары уран өнімін шығаруға арналған технологияларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашатынын жеткізді.
Энергетика министрлігі де Азаттыққа жолдаған жауабында негізінен экономикалық пайданы тізіп шыққан. "Келісімге сәйкес, Қытай тарабы жылу бөлгіш құрамалар өндіру зауытын іске қосу үшін 23 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартуға міндеттеме алды. Бұдан бөлек "Үлбі металлургия зауыты", "Қазатомөнеркәсіп" пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес, зауыт аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына 1 миллиард теңге аударған" делінген министрліктің жауабында.
Қазақстан елдің атом өнеркәсібіндегі Ресейдің ықпалына қарсы ойыншы ретінде уран саласына Қытай корпорациясын кіргізді деген пікір де бар. 2009 жылы "Қазатомөнеркәсіп" басшылығынан Мұхтар Жәкішев кеткен соң, Ресей еліміздегі бірқатар уран кеніштерінен үлес сатып алып, уран саласына дендеп енді. 2013 жылы "Росатом" Қазақстанның ірі уран кеніштерін игеріп жатқан канадалық Uranium One компаниясының акцияларын түгел сатып алды. Канадалық компанияның Қазақстандағы үлестерін ресейлік "Росатомның" жұтып қоюын ақпарат құралдары "Қазақстанның ураны Ресей бақылауына өтті" деп сипаттады.
Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қоры ядролық саясат бағдарламасының директоры Марк Хиббс Қытай Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы ықпалын арттырып жатыр деп есептейді.
"["Қазатомөнеркәсіппен"] келісім Қазақстанда [уран саласындағы] Ресей мен Қытайдың арасындағы болашақ бәсекесін күшейтуі мүмкін" дейді ол.
Орталық Азия бойынша сарапшы, бұған дейін АҚШ агенттіктерінде бұрынғы Совет одағында ядролық қаруды таратпау жобалары бойынша жұмыс істеген Грегори Ксантос Қазақстанда көп уран кенішіне иелік ететін, елдің атом өнеркәсібінде ықпалы басым болған Ресей бұл келісімді жіті қадағалады деп пайымдайды.
"Қазақстан мен Қытай атом өнеркәсібіндегі толыққанды және ұзақмерзімді серіктестерге айналды. Бұл осы саладағы Ресей позициясына қатер төндіреді. Ресей мұны ұзақ мерзімді проблема деп қарастыратынына сенімдімін" дейді ол.
Қытай "Үлбі ТВС" зауытын "Бір белдеу – бір жол" бастамасының жобасы деп көрсетсе де, Қазақстан тарапының хабарламаларында зауыттың Си Цзиньпин жариялаған бастама бойынша салынғаны мүлде айтылмайды. "Үлбі-ТВС" сайтында әрі "Қазатомөнеркәсіп" таратқан ақпараттарда зауыттың "Бір белдеу – бір жол" жобасы екені жазылмаған.
ҚЫТАЙДЫҢ ҒАЛАМДЫҚ АМБИЦИЯЛАРЫ
"Үлбі-ТВС" қазақ-қытай бірлескен зауытының өнімдерін жалғыз сатып алушы – Қытайдың CGNPC компаниясы. Қытай "Қазатомөнеркәсіппен" мәміленің арқасында уран кеніштеріне қол жеткізіп қана қоймай, өз атом электр станцияларын ұзақ мерзімде уран отынымен қамтиды. Қытайдағы 18 атом электр станциясының 54 реакторына жылу бөлгіш құрамалар ауадай қажет.
Жылу бөлгіш құрамалар деген не?
Жылу бөлгіш құрамалар – жылу энергиясын өндіру үшін ядролық реакторға жүктелетін жылу бөлгіш элементтер мен олармен байланысты компоненттердің жиынтығы. Жылу бөлгіш элементтер – цирконий қорытпасынан жасалған және таблеткалар түріндегі ядролық отынмен толтырылған түтік. Ядролық отын алынған соң немесе жылу бөлгіш элементтерді ауыстыратын кезде жылу бөлгіш құрамалар ядролық реактордан қайта алынады. "Үлбі ТВС" Францияның Framatome компаниясынан француздық AFA 3G дизайнындағы жылу бөлгіш құрамаларды шығаруға сертификат алған.
Атом электр станцияларына (арналған отын өндіру бірнеше сатыдан тұрады: өндіру, аффинаждау (табиғи уран концентраттарын алу), конверсиялау (уран концентраттарын UF6 уран гексафторидіне қайта өңдеу), байыту (U235 уран изотопы құрамының U238-ге арақатынасын ұлғайту), таблетка дайындау (байытылған уран ұнтақтарынан отын таблеткаларын дайындау) және отын таблеткаларын фабрикациялау (жылу бөлетін құрамаларды құрастыру).
Қазақстанда уран байытылмайды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, "Қазатомөнеркәсіп" уранды Ресейдің кәсіпорындарында байыта алады.
Энергетика министрлігінің Азаттыққа жолдаған жауабына қарағанда, Қытайға 49 пайызы тиесілі уран кеніштеріндегі шикізат тек аспанасты еліне ғана жеткізілетін жылу бөлгіш құрамаларды шығаруға пайдаланылмақ. "Орталық" өндіруші кәсіпорны" уран кеніштерінен жылына 2000 тонна уран өндірмек. "Оның шамамен 1700 тоннасы жылу бөлгіш құрамалар өндіру зауытына жүктеу мен Қытай АЭС-тері үшін дайын отынды одан әрі өткізу үшін пайдаланылатын болады", делінген министрліктің жауабында.
Бішкектегі ЕҚЫҰ академиясының ғылыми қызметкері, Орталық Азиядағы Қытайдың экономикалық және саяси ықпалын зерттеуші Нива Яудың айтуынша, Қытай компаниялары көп жылдан бері Қазақстанның уранына көз тігіп жүрді, бірақ Қазақстан оны шикізат түрінде сатудан бас тартып, Қытайдан өңдеу технологияларын талап етті. "Енді бұл мәмілемен реттелді".
Пекин Қазақстанның уран активтерін сатып алмас бұрын өзге елдерде уран кеніштеріне қол жеткізді. 2020 жылы Қытай мемлекеттік China National Nuclear Corporation компаниясы әлемдегі ең ірі екінші уран өндіруші Намибиядағы Россинг уран кенішінің 67 пайызын австралиялық-британдық Rio Tinto концернінен 106,5 миллион долларға сатып алған.
Қазақстанның электр желілерін басқаратын KEGOC корпорациясының бұрынғы басшысы, энергетика саласының маманы Әсет Наурызбаевтың пайымдауынша, Қазақстанның уран активтерін сатып алу Пекинге өте тиімді. "Қазақстан Қытаймен шекаралас болғандықтан, оны (жылу бөлгіш құрамаларды) импорттау оңай".
Қытайдың сырттан уран активтерін сатып алуының астарында атом энергетикасы бойынша өзге елдерді басып озуды көздейтін ғаламдық амбициясы жатыр. АЭС салу бойынша әлемдегі ең ірі бағдарламаны іске асыруға кіріскен Пекин алдағы 15 жылда 150 жаңа реактор тұрғызбақ. Бұл әлемдегі өзге елдер соңғы 35 жылда салған реакторлар санынан асып түседі. Bloomberg агенттігінің есептеуінше, бұған 440 миллиард доллар жұмсалуы мүмкін. Пекиннің мақсаты − атом энергетикасы есебінен таза энергияның ғаламдық жарысында жеңіске жету. Осы себепті Қытай электр энергиясын жылу станцияларынан өндіруді қысқартып, 2030 жылға дейін көміртегі қалдықтарын барынша азайтпақ. Ал China General Nuclear Power Corp 2035 жылға қарай қолданыстағы атом электр станцияларының қуаты 200 гигаватқа жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл Пекин тәрізді он шақты қаланы электр энергиясымен қамтуға жетеді. Қытай мұндай ғаламдық амбицияларын сыртқы ресурстарды сатып алу есебінен іске асырып жатыр.
"Қытай жетекші державаға айналғысы келеді. Сондықтан болашақ ресурстарға қол жеткізу бойынша анық стратегиясы бар. Оның бірі – таза энергияға инвестиция салып, таза энергия револциясының көшбасшысына айналу" дейді Грегори Ксантос.
Нива Яу климаттың өзгеруі бойынша бірнеше міндеттемені мойнына алған Қытайдың көміртегі қалдықтарын қысқартуға ұмтылып жатқанын айтады. Ал бұған атом энергетикасын күшейтпей қол жеткізу мүмкін емес.
"Мұнай мен газ тәрізді жаңартылмайтын энергия көздеріне келгенде Қытай басқа елдерге тәуелді. Қытайдың көптеген елмен қарым-қатынасы шиеленісіп тұр, әлемдегі ахуал тұрақсыз, сондықтан жаңартылатын энергия көздеріне өту маңызды. Бұл ретте қуаты үлкен ядролық энергетиканың рөлі үлкен. Қазақстан әлемдегі ірі уран өндіруші, оның үстіне көршілес ел, сондықтан Қытай өңдеу технологиясын беруге көнген", − дейді Яу.
ЛАС ӨНДІРІС, ЖАЛҒЫЗ САТЫП АЛУШЫ ЖӘНЕ "ПАЙДАНЫ ОЙЛАЙТЫН" ШЕНЕУНІКТЕР
Сарапшылар Қытай уран кеніштерін алу үшін технологияларды беруге мәжбүр болғанымен, одан әсте ұтылмағанын айтады. Себебі "Үлбі ТВС" өнімін жалғыз сатып алушы – Қытай корпорациясы. Қытаймен келісімнің экономикалық пайдасын тізетін "Қазатомөнеркәсіп" мұндай монопсонияның тәуекелдерін өз есептерінде ашып жазбайды. Қытай корпорациясы өнімнен бас тартатын болса, жылу бөлгіш құрамаларды алатын басқа сатып алушы табылмауы мүмкін. Өйткені "Үлбі ТВС" арнайы Қытай АЭС-терінде қолданылатын француз технологиясына негізделген жылу бөлгіш құрама шығарады. Мұндай технологияны өз атом реакторларында қолданатын Франция уранды байытып, ядролық отынды өзі өндіреді.
Келісімнен келер қауіп бұл ғана емес. Жылу бөлгіш құрамалар байытылған ураннан өндірілетіндіктен, онымен жұмыс лас өндіріске жатады.
Қазақстан уранды байытатын технологиясы бар елдердің қатарына кірмейді. "Үлбі ТВС" зауыты былтыр қарашада алғашқы өнімін өндіргенде байытылған уранды Ресейдің "Росатом" корпорациясына қарасты "Уранды байыту жөніндегі орталық" ЖАҚ жеткізген. KEGOC корпорациясының бұрынғы басшысы, энергетика саласының маманы Әсет Наурызбаевтың айтуынша, байытылған уран улы газдардан да қауіпті.
"Уран байытылып, ядролық отынға айналған соң, онымен жасалатын кез келген операция қауіпті болып есептеледі. Технологиялық процестің кез келген сатысын бұзу қоршаған ортаны ластайды. Қауіпсіздік шартын сақтамаса, ол ауаға жайылып кетеді" дейді ол.
Наурызбаев атом энергетика мен атом өнеркәсібіне мүлде араласпаған жөн деп есептейді.
"Бай кен орындары тұрғанда, шенеуніктер тек пайданы ойлайды. Табыс емес, қауіпсіздік тұрғысынан бағамдасақ, атом саласына араласқанымыз жақсы емес. Сондықтан қауіпсіздік шарттары сақталып, бір уақытта зауытта көп ядролық отын сақталмауы керек" дейді сарапшы.
Қазақстан билігі сарапшылардың пікірі, қоғам белсенділерінің қарсылығы мен онлайн петицияларға қарамастан, соңғы жылдары елде атом электр станциясын салу идеясын белсене көтеріп жүр. Билік бұл ретте елде уран шикізатының қоры мен бастапқы технология бар деген уәж келтіреді. Әзірге атом реакторын кім салатыны ресми хабарланбады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда "Росатом" салып жатқан "Аккую" атом электр станциясын салу тәжірибесін зерттеуді тапсырды. Бірақ Нұр-Сұлтан АЭС салуды Қытайға тапсыруы мүмкін дегенді жоққа шығаруға болмайды. Сарапшылар Ресей Украинаға басып кіргелі бері аймақтағы бұрынғы позициясынан біртіндеп айырылып жатқан тұста, Пекин Орталық Азиядағы индустриалды жобаларын дамытып, ықпалын күшейтіп жатыр деп есептейді.
ПІКІРЛЕР