Accessibility links

"Назарбаев айналасынан төнетін қауіптің алдын алу" және Си Цзиньпиннің Путинге ескертуі


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев және ол билікте қалдырып кеткен президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Мамыр айы, 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев және ол билікте қалдырып кеткен президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Мамыр айы, 2019 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын Назарбаевтың төңірегінен төнетін қауіптің алдын алып, билігін бекіте түсу үшін жариялады ма деген сұраққа жауап іздеді. Сондай-ақ олар пандемия басталғалы Қытайдан шетелге ресми сапармен шықпаған Қытай басшысы Си Цзиньпин алғашқы мемлекеттік сапарын неліктен ең алдымен Қазақстанға жасады деген сұраққа жауап іздейді.

ТОҚАЕВ КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУДЫ НЕ СЕБЕПТІ ЖАРИЯЛАДЫ?

Eurasianet басылымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси өзгерістерге бастайды деп уәде еткен кезектен тыс президент пен парламент сайлауы шын мәнінде авторитаризмнің тамырына балта шаба ала ма деген сұраққа жауап іздейді.

Мақала авторы Алматыда тұратын британдық журналист Джоанна Лиллистің жазуынша, биыл өтетін кезектен тыс президент сайлауы мен келесі жылы өтетін парламент сайлауы жақындап қалса да, сайлаушылар үшін басы ашық күйінде қалып отырған сұрақ жетерлік. Мәселен, қандай балама кандидаттар ұсынылады дегеннен дауыс берушілердің хабары жоқ. «Билік ондаған жыл бойы оппозицияны қудалап, саяси сахнаны оппозициялық қайраткерлері жоқ қаңырап қалған кеңістікке айналдырды».

Автор келесі жылдың алғашқы жарты жылдығында өтетін кезектен тыс парламент сайлауының да жай-жапсары белгісіз дейді. Үкіметтегі реформистер партияларды тіркеу процесі жеңілдетіліп, сайлаушыларға алғаш рет үлкен таңдау беріледі десе де, әлі күнге дейін жаңа партиялар тіркелмеді.

Тоқаев екі сайлауды да өзгерістерге бастайтын қадам деп көрсеткенімен, сарапшылар бұл авторитаризмді толығымен жою үшін жеткілікті дегенге күмәнмен қарайды.

«Демократияландыру мен саяси бәсеке Тоқаевтың күн тәртібінде тұрған жоқ, − дейді Орталық Азиядағы авторитаризмді зерттеуші саясаттанушы Софья дю Буле. – Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын жариялауы оның бұрынғы авторитар басшымен салыстырғанда саяси өзгерістерге құлықсыз екенін көрсетеді».

Басылымға сұхбат берген Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының аға ғылыми қызметкері Наргиз Касенова Тоқаев ерте сайлауды оппозицияның бірігуіне мүмкіндік бермеу үшін жариялағанын жеткізді. Оның пайымдауынша, Тоқаев оппозициядан түсетін нағыз қарсыластармен бәсекелес болғысы келмейді, оның мақсаты – саяси сахнаны бақылауда ұстау. «Немесе ол либерализацияға дайын дегеннің өзінде, ел тарихындағы қазіргі қиын кезеңде оны іске асыруға дайын емес».

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев пен оның айналасына соққы жасалып, экс-президент өкілетінен, ал отбасы мүшелері саяси лауазымдары мен кейбір экономикалық активтерінен айырылды. Тоқаев Қаңтар оқиғасын мемлекеттік төңкеріс жасау арқылы өзін биліктен кетіру әрекеті деп сипаттады. Ешкімнің атын атамағанымен, оған Назарбаев жақындарының қатысы бар деген болжамдар айтылды. Президент Тоқаев оқиғадан соң тез арада үстемдікке қол жеткізсе де, Назарбаев пен оның айналасы әлі де экономикалық ресурстар мен белгілі бір ықпалға ие.

Калифорниядағы Питцер колледждің профессоры, постсоветтік кеңістіктегі транзитті зерттеуші Азамат Жүнісбай Тоқаев Назарбаев төңірегінен төнуі мүмкін қауіптің алдын алып, билігін бекіте түсу үшін ерте сайлау жариялады деп есептейді.

«Олар жаңа статус-квоға риза емес екені түсінікті. Тоқаевтың мақсаты − тағы бір мемлекеттік төңкеріс әрекетінің алдын алу. Ал бұл жедел саяси реформаларды іске асыру мүмкіндігін шектейді» дейді Жүнісбай.

Тоқаев президенттік мерзімді жеті жылдан тұратын бір мерзіммен шектеу билікті монополиялау қаупін азайтады деп түсіндірді. Алайда саясаттанушы Досым Сәтпаев Тоқаевтың бұл ұсынысы Назарбаевтың билікте барынша ұзақ қалу үшін жасайтын айла-шарғысын еске түсіреді дейді. Саясаттанушы Тоқаев қазіргі саяси жүйе өзгереді деп уәде етсе де, саяси инструменттер айтарлықтай өзгермегенін жеткізді.

Тоқаев президенттікте екі мерзімнен артық отырмайтынын айтты. Әлеуметтік желідегі пікірлерді келтірген автор оған және болашақ президенттерге конституцияны шималап өзгерте салуға ештеңе кедергі емес деп түйіндейді.

СИ ЦЗИНЬПИННІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА САПАРЫ: ПЕКИН РЕСЕЙДІ "ТЕЖЕГІСІ" КЕЛЕ МЕ?

Америкалық Time журналы пандемия басталғалы бері шетелге ресми сапармен шықпаған Қытай басшысы Си Цзиньпин алғашқы мемлекеттік сапарын неліктен ең алдымен Қазақстанға жасады деген сұраққа жауап іздейді.

Си Цзиньпиннің ұшақтан шыққан сәті. Оны Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Нұр-Сұлтан, 14 қыркүйек 2022 жыл.
Си Цзиньпиннің ұшақтан шыққан сәті. Оны Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Нұр-Сұлтан, 14 қыркүйек 2022 жыл.

Басылым Си Цзиньпиннің сапарын Украинадағы соғыспен байланыстырып, мұны Пекиннің Ресейге жолдаған сигналы ретінде қарастыру керек деп жазады.

Ақорданың хабарлауынша, Си Цзиньпин Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде «халықаралық конъюнктура қанша құбылса да», Пекин «алдағы уақытта Қазақстан тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сенімді түрде қолдай береді, Қазақстанның ішкі ісіне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы шығады» деген.

Мақала авторы Эми Гуния Джордж Мейсон университетінің профессоры Марк Кацтың Гонкогта шығатын South China Morning Post басылымында шыққан пікірін келтіреді.

«Қазақстан Ресей күндердің күнінде елдің солтүстігінде тұрып жатқан орыс халқын «азат етуі» мүмкін деп алаңдайды. Сондықтан Си Цзиньпиннің сапары Пекин Қазақстанды дос ретінде қарастырады, Ресей Пекиннің досына зиян тигізетін әрекетке бармауы керек дегенді көрсетеді» дейді Кац.

Сонымен қатар сарапшылардың ойынша, Си Цзиньпиннің сапарын Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жандандыру амалы деп бағамдауға болады. Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанға жасаған сапарында жариялаған «Бір белдеу – бір жол» инфрақұрылым жобасы соңғы кездері пандемия мен геосаяси себептерге байланысты бірқатар проблемаға тап болған.

Си Цзиньпин Нұр-Сұлтанда Тоқаевпен кездескен соң, Самарқанда 15-16 қыркүйек күндері өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысты.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысқан мемлекет басшылары. Өзбекстан, 16 қыркүйек 2022 жыл.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысқан мемлекет басшылары. Өзбекстан, 16 қыркүйек 2022 жыл.

Бакнелл университетінің саясаттану және халықаралық қатынастар бойынша профессоры Чжицюнь Чжу бұл конференцияның Пекиннің геосаяси ықпалы үшін маңызы үлкен екенін жеткізді. Оның ойынша, геосаяси ахуал ушығып тұрғанда Пекин Батысқа қарсы тұру үшін баса елдердің қолдауына ие болғысы келеді.

«Бұл арқылы Батыс елдеріне олар бүкіл халықаралық қауымдастық емес, Қытайдың айналып келгенде Батыс елдеріне жатпайтын дамушы мемлекеттер арасында достары көп деген сигнал жолдап тұр», − дейді Чжу.

Қытай басшысының Қазақстанға сапарын талдаған Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымы Пекин аймақтағы ықпалын күшейтпек деп жазады. Мақала авторы Пол Бартлетт Си Цзиньпин сапары Қытай пандемияның кесірі тиген тасымал қалпына келетінін көрсетуге бағытталған деп есептейді.

АҚШ-тағы сыртқы саясатты зерттеу институтының ғылыми қызметкері Максимилиан Хесс Си Цзиньпиннің Орталық Азияға сапары Қытай экономикасына пандемия әсер еткен жоқ және Пекин аймақтағы үстем ойыншы екенін көрсетуге мүмкіндік береді дейді.

Автор Ресей Украинаға басып кірген соң Қазақстан мұнай экспортының балама жолдарын қарастыра бастағанын келтіреді. Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы тасымалдайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы жыл басынан бері төрт мәрте толық немесе ішінара тоқтатылды. Сарапшылар Мәскеу Украинадағы соғыста өзін қолдамаған Қазақстанды осылайша жазалап жатыр деп пайымдады. Пол Бартлеттің жазуынша, Қазақстанның мұнай экспорттайтын балама дәліздерді іздеуі Пекинге ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді.

«Қытай мен Ресейдің «шексіз достық» туралы мәлімдемесіне қарамастан, Пекин Батыс пен Ресейді тежегісі келеді. Қазақстанға мұнайды шығысқа тасымалдауға қол ұшын созу үшін мұнай инфрақұрылымына инвестиция салса, бұл «Бір белдеу – бір жол» бастамасының маңызды жобасына айналуы мүмкін» дейді Хесс.

Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапарына тоқталған Eurasianet басылымы Қытай басшысының Тоқаевпен кездесуде айтқан мәлімдемесін талдады. Басылым Қытай басшысы осы арқылы Путинге ескерту жасады деп жазады.

«Қазақстанның аумақтық тұтастығына ықтимал қауіп Ресейден төнетінін ескерсек, Си Цзиньпиннің сөзі Путинге Орталық Азия істеріне араласпа деген ескерту болып көрінді» дейді басылым.

Автордың жазуынша, Си Цзиньпиннің Қазақстандағы мәлімдемесі Пекиннің Орталық Азияда өз мүддесін қорғап, Мәскеуге бұл өзінің ықпалындағы аймақ екенін көрсетуге бағытталған.

XS
SM
MD
LG