Accessibility links

"Мың адамның видеосын қоса өткіздік". "Алға, Қазақстан" партиясын құру бастама тобы министрлікке құжаттарын тапсырды


Белсенділер әділет министрлігіне "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу туралы өтініш берді. Астана, 22 қыркүйек 2022 жыл.
Белсенділер әділет министрлігіне "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу туралы өтініш берді. Астана, 22 қыркүйек 2022 жыл.

"Алға, Қазақстан" деп аталатын оппозициялық партия құруға ниетті бастамашы топ 22 қыркүйекте әділет министрлігіне барып, партия тіркеу туралы өтініш тапсырды. Министрлік олардың өтінішін тіркеді.

Бастамашы топ өкілдерін бір сағаттан астам уақыт ешкім қабылдамай, олар ведомство ғимаратының кіреберісінде күтуге мәжбүр болды. "Тағатымыз таусылды" деген олар "Мусин, шық!" деп ұрандатты. Әділет министрі Қанат Мусин шықпады, белсенділермен өзін кеңсе бөлімінің басқарма басшысымын деп таныстырған Салтанат Смағұлова сөйлесіп, өтінішті қабылдап алды.

Бастамашы топ құрамында оппозициядағы саясаткер Жасарал Қуанышалин, марафоншы Марат Жыланбаев, саяси белсенділер Әсет Әбішев пен Ербол Есхожин бар. Олар партия тіркеу үшін қажет 1000 адамның орнына 1996 адамның қолы қойылған тізім өткізген.

Тіркелмеген "Алға Қазақстан" партиясының жетекшісі Жасарал Қуанышалиннің айтуынша, бастамашы топ министрлікке қол қойылған тізімнен бөлек "Алға Қазақстан" партиясының мүшесіміз деген 1000 адамның видеомәлімдесін флешкамен қоса өткізген.

– Сәуірде 1600 адамның қолын тапсырдық. Бірақ сол кезде тізімде өлген адамдар бар деген сылтау айтып, өтінішімізді қабылдамай тастаған еді. Осы жолы 1000 адамның видео жазбасын қоса өткізіп отырмыз, – дейді Қуанышалин.

Оның сөзінше, әділет министрлігі партия құру туралы өтінішті кері қайтаруы мүмкін, себебі билік оппозициялық партияны тіркеуге ниетті емес.

Биыл сәуірде министрлік "Алға Қазақстан" оппозициялық партиясын құру бастама тобының құжатын тіркемей қойған. Ол кезде ведомство бастама топ тізімі "Саяси партиялар туралы" заңның 8-бабына сәйкес еместігін алға тартқан. Ал "Алға Қазақстан" оппозициялық партиясын құрушылар сотқа жүгініп, жеңіліп қалды.

Әділет министрлігінің мәліметінше, елде 2019 жылдан бері 18 саяси партия тіркелуге өтініш берген. Одан бері бес бастамашыл топ қана тіркелгені туралы хабар берген, бірақ кейін әрекетсіз қалғандықтан өтініштің күші жойылған. Билік "саяси себеппен партияны тіркемеді" деген белсенділер уәжін жоққа шығарады.

Қазақстанда ресми тіркеуден өте алмай жүрген он шақты партия бар. Олардың басым бөлігі өзін оппозициялық деп атайды.

Тәуелсіз сарапшылар Қазақстанда саяси партияны тіркеу талаптары қатаң екенін жиі айтады. Саяси партиялар туралы қолданыстағы заңға сәйкес, партия тіркеу үшін 20 мың адамның қолы қажет.

Биыл наурыздағы жолдауында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Саяси партиялар туралы" заңды қайта қарап, партия құруға қажетті бастамашыл топ санын мыңнан жеті жүзге түсіру, тіркеуге қажетті қолды 20 мыңнан 5 мыңға түсіру жөнінде ұсыныс жасаған. Бірақ бұл ұсыныстар әлі заң жүзінде бекітілген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG