Сайлау заңнамасына өзгеріс енгізу туралы заң жобасына жауапты әділет министрі Қанат Мусин алдағы президент сайлауында бюллетендерде болатын "бәріне қарсымын" графасының мәнін түсіндіре алмады.
"Дауыс беру туралы заңға сәйкес, "бәріне қарсымын" дегендер сайлаушылар белсенділігін анықтаған кезде ескеріледі, бірақ сайлау нәтижесін қорытындылаған кезде есептелмейді, себебі бірде-бір кандидатқа дауыс берілмейді" деді министр мәжіліс кулуарында.
Журналистер министрге "бәріне қарсымын" графасы неліктен дауыс санын есептеген кезде ескерілмейді? "Олай болса, ондай графадан не пайда?" деген сұрақтар қойды.
Министр жауабын қайталағанмен мәнін түсіндіре алмады.
Осы аптада "бәріне қарсымын" графасына байланысты түсініктеме берген орталық сайлау комиссиясының өкілдері мұндай графа "[азаматтардың] өз еркін білдіруге" мүмкіндік береді деп мәлімдеген.
"Бірақ сайлаушылардың 50 пайыздан артық дауысын жинаған [кандидат] жеңімпаз атанады. Егер бірінші турда [ешкім 50 пайыздан артық дауыс жинай алмаса], онда қайта сайлау тағайындалып, көбірек дауыс жинаған екі кандидат сайлауға жіберіледі. Әрине, олардың арасынан жеңімпаз анықталады" деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов. Оның сөзінен Tengrinews.kz сайты үзінді келтіреді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте кезектен тыс президент сайлау өтетінін жариялаған. Өткен аптада сайлаудың 20 қарашада өтетіні белгілі болды. Алдағы сайлауда бюллетендерде "бәріне қарсымын" деген графа да пайда болады. Ол жөнінде Тоқаев 21 қыркүйек күнгі мәлімдемесінде айтқан.
Бұған дейін Тоқаев президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеу туралы Конституцияға түзетуге қол қойған.
Президенттіктен үміткерлерді ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазанда аяқталады. Әзірге бірде-бір кандидат ұсынылған жоқ. Осыған дейін Тоқаев сайлауға қатысатынын мәлімдеген.
Қарай отырыңыз: Әбдірахманов, Қайсаров, Қожа Ахмет… Тағы кім?(26 қыркүйек 2022 жыл).