Accessibility links

Алматы соты әскерге бара сала қаза болған Әлібек Қалбайдың ісін қайта тергеуге жіберді


Әскерге бара салған қаза болған жауынгер Әлібек Қалбай (сол жақта)
Әскерге бара салған қаза болған жауынгер Әлібек Қалбай (сол жақта)

Алматы гарнизонының әскери соты Жамбыл облысындағы әскери бөлімге келген соң төрт күннен кейін қайтыс болған Әлібек Қалбай ісін қайта тергеуге жіберу жөнінде қаулы шығарды. Сотталушылар мен жәбірленушілер 18 жастағы жауынгердің қазасы туралы істі тергеу нәтижесімен келіспей, қайта тергеуге жіберуді сұраған дейді Orda.kz сайты.

Әлібек Қалбай ісіне байланысты сот биыл 23 тамызда басталып, 17 отырысы өткен.

Айыптау актісіне қарағанда, Әлібек қаза болардан бір күн бұрын Аманжоловпен төбелескен, төбелес кезінде ішіне, кеудесі мен бұғанасына қатты соққы тиген.

Сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Оның адвокаты Сержан Пірәлиев "тергеу ашық өтпеді, Аманжоловтың айыбын дәлелдейтін жеткілікті айғақ жоқ" деп есептейді.

Әлібек Қалбайдың туыстары сотталушы орындығында бір ғана адам отырғанына наразы. Олардың адвокаты Гүлайым Шынтаева "Курочкиннен екі тарапты қатыстырмай жауап алды" деп хабарлады.

"Бір адамды ғана айыпты ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Болған оқиғаға тек ол емес, әскери бөлімнің сержанттары мен офицерлері де кінәлі. Сот тергеуі оларды да анықтайды деп үміттенеміз, - дейді адвокат.

Жауынгердің қазасынан кейін әскери бөлім басшыларының үстінен де "Қызметіне салғырт қарау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, бірақ бұл істе кімнің айыпталып отырғаны белгісіз.

Әлібек Қалбай әскерге Ақтау қаласынан шақырылған. 18 сәуірде Жамбыл облысы Отар кентіндегі № 30212 әскери бөлімге түскен. 22 сәуірде таңғы жаттығу кезінде есінен танып, қайтыс болған.

Туыстары Әлібектің денесінде соққының ізі барын айтады.

Жыл басынан бері Қазақстан қарулы күштерінде бейбіт күні қаза болған жауынгерлер жиілеген. Кем дегенде үш жауынгер өз-өзіне қол салған. Көбі мұны әскердегі әлімжеттікпен байланыстырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG