Орталық сайлау комиссиясы "Аманат" кәсіподақтар достастығы ұсынған кандидат Мейрам Қажыкенді кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде тіркеді. Бұл жөнінде сенбі күні ОСК сайты хабарлады.
Заң бойынша, тіркелу үшін кандидат кемінде 118 мың қол жинауы тиіс. ОСК хабарлауынша, Мейрам Қажыкеннің сенімді өкілдері республиканың 14 өңірінде оны қолдайтын 122 184 қол жинаған. 122 055-і жарамды танылған.
61 жастағы Мейрам Қажыкен – кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде ресми тіркелген екінші кандидат. ОСК бұған дейін қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты үміткер ретінде тіркеген. Ведомство Тоқаевты қолдайтын 400 мыңнан астам қол жиналғанын хабарлаған.
Жалпы 23 қыркүйектен бері – кандидат ұсыну басталғалы бері ОСК-ға үміткер болуға ниет білдірген 12 адамның құжаты түскен (олардың тізімін мына сілтеме арқылы көруге болады).
13 қазанда комиссия үш адам: "Асар" оралмандар қоғамдық бірлестігі ұсынған Хайролла Ғабжалиловты, "Қазақстан құрылысшылар одағы" ұсынған Талғат Ерғалиевті және "Практикалық психология" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Фатима Бизақованы президенттікке үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан. ОСК-ның түсіндіруінше, олардың кандидатурасы "үміткерге қойылатын талаптарға сәйкес келмейді". Комиссия бұған қоса, үміткер ретінде құжат өткізген экс-депутат Нұржан Әлтаевты ұсынған ұйым хаттамасының "бұрмалануына" байланысты мәселе сотта қаралғанша оны тіркеуді тоқтатқан еді.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Кандидаттарды ұсыну 11 қазанда аяқталған. Сарапшылар биліктің шынайы оппозиция өкілдерін сайлауға жібермегенін, кандидаттар арасында шынайы бәсекелес болатын адамдар жоғын, сайлау нәтижесінің алдын ала анықталып қойғанын айтады.
Бір күн бұрын заңгер Әлнұр Илияшев Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде тіркеу туралы қаулының күшін жоюды талап еткен. Заңгер шағымда "азамат Тоқаев, жоғарғы лауазым иесі бола тұра ... әкімшілігімен бірге өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ҚР сайлау құқығы принципін бұзды" деп жазған. Заңгер ОСК "Қазақстанда кезектен тыс сайлау өткізудің жаман дәстүрін қалыптастыруға жол ашып отыр", лайықты азаматтардың сайлауға қатысуына мүмкіндік бермей, адамдарды таңдау құқығынан айырып отыр деп санайды. Билік бұған реакция білдірмеді.
ПІКІРЛЕР