Қытай сыртқы істер министрлігі мен Қытайдың Украинадағы елшілігі Украинадағы күрделі жағдайға байланысты азаматтарын сол елден кетуге үндеді. Елшілік эвакуациялау бойынша көмектесетінін мәлімдеді. Бұл жөнінде Қытайдың ағылшын тілінде ақпарат тарататын ресми Global Times басылымы хабарлады.
Египеттің Киевтегі елшілігі де азаматтарын Украинадан мүмкіндігінше тезірек кетуге үндеді, деп жазды Egypt Today сайты. Елшілік азаматтарына автобус не пойыз арқылы көрші елдерге кетуге кеңес берді. Елшілік сонымен бірге азаматтарын сақтықты күшейтіп, "қауіпті аймақтарға" бармауға шақырды.
Бес күн бұрын Қазақстан сыртқы істер министрлігі де Қазақстанның Украинадағы елшілігі қызметкерлерін эвакуациялау мәселесін қарастырып жатқанын хабарлаған. Ведомство Украинадағы қазақстандықардың да санын тексеріп жатқанын айтқан. Елшілік кейінгі кезде Украинадағы азаматтық нысандар мен инфрақұрылымдарға шабуыл қайта күшейгендіктен ондағы қазақстандықтарды елден кетуге, қазақстандықтарды Украинаға сапарын шегере тұруға үндеген.
10 қазаннан бері Киев пен Украинаның өзге қалалары жаппай зымыран шабуылына ұшыраған еді.
Украина қарулы күштерінің бас штабы 16 қазанда таңертең орыс әскері соңғы 24 сағатта Украинадағы 30-дан астам қала мен елді мекенге соққы жасап, 5 зымыран ұшырып, 23 рет әуе шабуылын ұйымдастырғанын, 60 рет зымыранмен атқылағанын айтты.
Украин күштері жауап ретінде 32 соққы жасап, 24 ресейлік зымыранды атып түсірген.
ПІКІРЛЕР