Сот мальталық заңгер Пио Валеттаны Австрия түрмесінде қайтыс болған қазақстандық бұрынғы олигарх Рахат Әлиевтің жесірі Елнара Шоразоваға 300 мың еуро өтемақы төлеуге міндеттеді. Шоразова заңгерді "900 мың еуроны заңсыз иемденіп алды" деп айыптаған. Бұл жөнінде 1 қарашада Malta Today басылымы жазды.
Мальта азаматтық сотында осы істі қараған судья Роберт Мангионның айтуынша, Шоразова 2010 жылы Валеттаға 2,4 миллион еуро ақша беріп, A&P Power Ltd атты компанияға тіркелген Сэнт Китс және Невис атындағы шотқа депозит ретінде аударуын сұраған.
Бірақ 2011 жылы Валеттаның тек 2,2 млн еуроны ғана депозитке салғаны, ізінше одан тағы 700 мың еуро алғаны анықталған.
Валетта мұны кәсіби қызметіне алған ақы деп түсіндірген, ал Шоразова оны жоққа шығарған. Ізінше Шоразова сотқа арыз түсіріп, заңгерден 900 мың еуро өндіріп алмақ болған. 2012 жылы тараптар келісімге келіп, соған сәйкес Валетта оған жетпеген соманы алты жыл ішінде төлеуге міндеттенген. Келісім бойынша, Валетта барлығын уақытында төлесе – 600 мың еуро, бір төлемнің өзін кешіктірсе толық көлемде – 900 мың еуро төлеуі тиіс болған. Ал Шоразова Валеттаның тек бір рет қана мерзімінен бұрын төлем жасағанын айтқан.
Валетта сотта Шоразованы оқиғаны бұрмалады деп айыптап, мұндай келісімді Шоразовамен емес, Рахат Әлиевтің өзімен жасасқанын алға тартқан. Басылымның жазуынша, Валетта осы оқиға бойынша бұрын қылмыстық іске тартылған. 2017 жылы Шоразова "қауіпсіздігіне алаңдап" Мальтаға куәлік беруге келе алмағандықтан Валетта ақталып шыққан.
Бірақ осы жолғы азаматтық істе Шоразованың өзі Мальтаға келмесе де, оның адвокаты Луис Кассар Пулличино көрсеткен дәлелдерді судья Роберт Мангион жеткілікті деп тауып, Валеттаны 300 мың еуро төлеуге міндеттеген.
Қазақстан ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев 2010 жылы Мальтаға көшіп барып, 4 жылдай тұрған. Malta Today жазуынша, 2007 жылы Австрияда жүргенде Назарбаевтың қызынан күштеп ажыратылған Әлиев бірнеше жылдан соң жаңа әйелі Елнара Шоразовамен бірге Мальтаға қоныс аударған. 2014 жылы Қазақстан үкіметінің сұрауы бойынша Мальта соты Әлиевтің дүние-мүлкін, соның ішінде яхтасы мен компанияларын бұғаттаған. Рахат Әлиев Мальта сотының шешіміне қарсылық білдірген. Бірақ 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Австрия билігі Әлиев өзіне қол салған деген тұжырым жасаған.
Malta Today басылымының жазуынша, Әлиев Малтада жүргенде өзін Қазақстан билігі қудалап жатқанын мәлімдеп, қауіпсіздігіне алаңдаған. Бірақ сыншылар ол Мальтада тұрақты тұруға мүмкіндік алып, қажетті дәрежеде бақылауға ілінбеді деп сынаған.
Биыл Еуропаның адам құқықтары соты Елнара Шоразованың өтінішін қанағаттандырып, Мальта үкіметін Рахат Әлиевтің жесіріне 2 мың еуро төлеуге міндеттеген. Шоразова Мальта билігін "Қазақстан үкіметінің сұрауы бойынша активтерімді бұғаттап, құқымды бұзды" деп айыптаған.
ПІКІРЛЕР