Accessibility links

БҰҰ: Тәліптер билігі кезінде Ауғанстанда көкнәр алқабы ұлғайды


БҰҰ-ның есірткі және қылмыспен күрес агенттігінің (UNODC) хабарлауынша, 2022 жылы Ауғанстанда апиын дайындауға болатын көкнәр алқабы былтырғыға қарағанда 32 пайызға артқан.

Агенттіктің 2 қарашада жариялаған шағын баяндамасында апиын алқабының көлемі 233 мың гектар болғаны айтылған.

Баяндамада айтылғандай, 2022 жылғы сәуірде "Талибан" қозғалысы көкнәр және басқа да есірткі жасауға пайдаланылатын өсімдік түрлерін өсіруге "тыйым салған". Сол кезде апиын күрт қымбаттаған. Апиын көкнәрін өсіретін ауған шаруаларының табысы үш есе артқан. 2021 жылы шаруалар табысы 425 млн доллар, ал 2022 жылы 1,4 млрд доллар болған.

БҰҰ мәліметінше, апиын алқаптарының 73 пайызы Ауғанстанның оңтүстік-батысындағы аудандарында жатыр. Мәселен, Гильмен провинциясында егістік жерлерінің бестен бір бөлігі көкнәр егуге берілген.

Алайда тәліптер үкіметіндегі ішкі істер министрлігінің өкілі Абдул Нафи Такур БҰҰ басқармасының апиын алқабы ұлғайды деген мәліметін жоққа шығарып отыр. "Есірткі өндіру мен сатуға тыйым салынды. Ауғанстанда көкнәрдің бір түбі де отырғызылмады, онымен айналысуға ешкімге рұқсат берілмеді" деді Абдул Нафи Такур осы аптада Азат Еуропа/Азаттық радиосына.

Былтыр тамызда тәліптер ауған билігін басып алғаннан кейін бірнеше айдан соң БҰҰ-ның Есірткі және қылмыспен күрес агенттігі (UNODC) Ауғанстанда заңсыз апиын өндірісі 2020 жылмен салыстырғанда 8 пайызға ұлғайды деп мәлімдеген. Әлемдегі есірткі тұтынушылардың 80 пайызын Ауғанстан апиынмен қамтамасыз етеді. Сол кезде Ауғанстан экономикасының шамамен 10 пайызы апиын саудасынан түскен кірістен құралғаны айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG