13 қарашада Қазақстанның Ақтөбе облысы мен Ресейдің Орынбор облысы шекарасындағы «Жайсаң» бекетінде қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева ұсталған. Бұл туралы Азаттыққа Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының өкілі Гүлмира Қуатбекова хабарлады.
- Жексенбі күні түскі үштер шамасында маған Тілеубике Юлдашева телефонмен хабарласып, Қазақстан шекарашылары «сізге іздеу жарияланған» деп Ресейге қарай өткізбей қойғанын, енді оны Мәртөк аудандық ішкі істер бөліміне әкетпекші екенін айтты. Тілеубике Юлдашева - өзбек билігінің сұранысымен Қазақстанда ұсталған бесінші адам. Осыған дейін Қазақстанда қарақалпақтың төрт белсендісі Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова мен Зиуар Мирманбетова ұсталған болатын. Бұл азаматтардың басым көпшілігінен өзбек билігі шілде айының басындағы Қарақалпақстан оқиғасынан кейін «конституциялық құрылысқа нұқсан келтірмек болды» деп күдіктеніп отыр, - деп хабарлады Азаттыққа Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының өкілі Гүлмира Қуатбекова.
Халықаралық бюро өкілінің хабарлауынша, Тілеубике Юлдашева 2020 жылғы қаңтар айынан бері Қазақстанда тұрып жатқан. Өз елінде саяси себеппен қудалануы мүмкін болғандықтан Қазақстаннан пана сұраған. Бюро қарақалпақ белсендісіне жан-жақты құқықтық қолдау көрсетілетінін хабарлады.
Азаттық жексенбінің кешінде шекара қызметімен байланыса алмады. «Жайсаң» бекетінде ұсталған қарақалпақ белсендісінің шекарадан 28 шақырым жердегі аудан орталығы Мәртөкке қашан, қалай жеткізілгені белгісіз.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашеваның ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығармады. Растаған да жоқ. Ұлттық қауіпсіздік қызметіне қызметіне сілтеп, ақпарат беруден бас тартты. Азаттық Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінен «Бұл ақпарат бізге қатысты емес» деген қысқаша жауап алды.
Ақпаратқа қарағанда, құқық қорғаушы Тілеубике Юлдашева Қарақалпақстанда 2013-2014 жылдары қоғам белсендісі ретінде көзге түсе бастаған. Өзбек билігінің қысымына қарамай Қарақалпақстан Республикасының тәуелсіздігін талап еткен акцияларды белсенді түрде қолдаған. Өзбек билігінен қысым көрген қарақалпақ белсенділерінің құқын қорғаған.
ПІКІРЛЕР