Accessibility links

Киев пен Мәскеу келіссөзі 2023 жылдың екінші жартысында жалғасуы мүмкін


Украина Жоғарғы радасындағы "Халыққа қызмет" фракциясының төрағасы Давид Арахамия.
Украина Жоғарғы радасындағы "Халыққа қызмет" фракциясының төрағасы Давид Арахамия.

Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөз 2023 жылдың екінші жартысында жалғасуы мүмкін. Мұны Украина Жоғарғы радасындағы "Халыққа қызмет" (украинша: "Слуга народу") фракциясының төрағасы Давид Арахамия айтты. Бұрын ол Ресеймен келіссөз кезінде Украина делегациясын басқарған.

Арахамия Киев келіссөз жүргізуге келісетін шарттарды еске салды. "Президент Владимир Зеленский Ресеймен әлдене туралы сөйлесу не керек екенін нақты айтты. Ол үшін Ресей Украина жерінен кетіп, барлық шығындарды өтеуге тиіс және барлық соғыс қылмыскерлері жазаға тартылып, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына кепілдік беруі қажет" деп жазды Арахамия "Телеграмына".

"2024 жылы өтетін президент сайлау алдында Ресей билігі дипломатия майданында бірдеңе жасап жатқанын халқына көрсетуі керек болады, сондықтан келіссөз келер жылдың екінші жартысында қайта басталуы мүмкін" деп санайды депутат.

Украина мен Ресей арасындағы келіссөз биыл мамырда тоқтаған. Екі ел делегациясы соңғы рет 29 наурызда Стамбулда кездескен.

Украина қарулы күштерінің кейінгі апталардағы стратегиялық табыстарынан кейін түрлі елдердің саяси күштері келіссөз туралы жиі сөз ете бастаған.

11 қарашада Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен келіссөз есігін жаппағанын, бірақ Ресейдің қазіргі басшылығымен сөйлесудің мәні жоқ деп санайтынын айтқан.

Ресей президенті Владимир Путин Украинамен бейбіт келіссөз "Вашингтонның ишарасымен" басталуы мүмкін деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG