Accessibility links

Қазақстан Ресейге астық транзиті тарифін қымбаттатпағанын хабарлады


Қазақстанда Ресей астығы транзитінің тарифі қымбаттамады. Бұл жөнінде "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы хабарлады.

"Соңғы төрт жылдан бері Ресей астығын Қазақстан аумағы арқылы тасымалдау тарифі өзгеріссіз қалып отыр", - деп хабарлады ҚТЖ.

Ұлттық компания мәліметінше, жыл басынан бері Ресей астығын Қазақстан аумағына тасымалдау көлемі шамамен 25 пайызға артқан.

Осының алдында ресейлік БАҚ "Ресей темір жолы" компаниясы Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерінің транзиті тарифін түсіруді сұрады деп жазған.

Еуразия экономика одағы талабына сәйкес, транзит тарифі ТМД саясатын сәйкес жүзеге асады.

Ресей астық одағының вице-президенті Александр Корбуттың сөзінше, Батыс санкциясынан кейін, астықты Қазақстан арқылы жеткізу тиімсіз бола бастаған. "Себебі, Қазақстан біздің өнімді өзге елдерге қайта сатып, пайда табуы мүмкін" дейді.

Қазақстан 10 қыркүйекте биыл өнім жоғары болады деп астық пен ұн экспортына тыйымды алып тастаған. Сәуір айында Ресейге салынған санкцияларға байланысты бидай қымбаттап, Қазақстан үкіметі астық экспортын шектеуге мәжбүр болған еді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл 13 млн тоннадан астам астық жинаймыз, бұл былтырғыдан 12 процентке көп деп болжаған. Билік ішкі сұраныс 6,5 млн тонна болады деп болжайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG