Астана қалалық соты ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы серігі Кәрім Мәсімовтің ісін қарай бастады.
Қалалық соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова сот 18 қарашада басталғанын растады. Билік істің жай-жапсарын айтпады. Іс бойынша ешқандай ақпарат жарияланбады.
Кәрім Мәсімов биыл 5 қаңтарда елдің бірқатар қалаларында наразылық тұтанған шақта Қауіпсіздік кеңесі отырысынан кейін қызметінен алынған. 6 қаңтарда ҰҚК Мәсімовтің "мемлекетке сатқындық жасау фактісі" бойынша істі тергей бастағанын хабарлады. Ал бірнеше күннен соң билікті басып алу ісі бойынша тергеу басталғанын хабарлады. Оның үш орынбасары да ұсталған.
Бас прокуратура осы айда Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Әнуар Садықұлов билікті басып алу және мемлекетке сатқындық жасау баптары бойынша айыпталғанын хабарлаған. Билікті басып алу бабы бойынша айып сонымен бірге ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожинге де тағылған. Комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов пен комитеттің тағы екі лауазымды тұлғасы – Акипов пен Бекмұратқа билікті асыра пайдалану бабының түрлі бөліктері бойынша айыптар тағылған.
Осыған дейін ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен Садықұловтың қамау мерзімі 6 желтоқсанға дейін ұзартылғанын хабарлаған. Қалған айыпталушылардың да қамау мерзімі ұзартылған.
ҰҚК бұрынғы төрағасын қолдау бойынша құрылған онлайн-ресурс 18 қарашада іс бойынша ешқандай ақпарат жарияланбағанын жазды. Мәсімовтің жақтастары істің саясиланғанын айтады.
"Орталық Азия бақылаушылары Қазақстанның халықаралық құқық үстемдігі мен құқықтық процедураларды сақтамай отырғандығының мысалы ретінде Мәсімов сотын бақылап отыр" деп жазылған онлайн-ресурста.
Қазан аяғында БҰҰ жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Астананы ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті "шұғыл бостандыққа шығаратын іс-шара қабылдауға" шақырған.
Осы айда әлеуметтік желіде ҰҚК-ның 5-департаментінің бұрынғы жетекшісі Руслан Искаковтың мәлімдемесі тараған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Искаков мәлімдемесінде дәлелдерді бұрмалау жөнінде, атап айтқанда "сотқа дейінгі тергеу амалдары кезіндегі біржақтылық", айыптау мен қорғау тарабының теңдігінің сақталмауы, жарысқа түсу мүмкіндігі жоғын айтқан. Астана оған түсініктеме бермеген.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті Қаңтар оқиғасына байланысты соттарды барынша ашық өткізуге үндеген.
- Елді отыз жылға жуық басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кеткеннен кейін де елде ықпалын сақтап келген. Сарапшылардың айтуынша, 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, оның айналасындағы адамдар мен жақындары, туыстары қызметтерінен кете бастады, кейбірі қамалды.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "қаңтарда мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы болды", оған бірқатар ресми тұлғалардың қатысы бар деп мәлімдеп, кінәлілерді жазалауға уәде берген. Қаңтар оқиғасында ресми мәлімет бойынша, кемінде 238 адам қаза болған. Сарапшылардың айтуынша, ҰҚК басшылығын қайта құрылымнан өткізу елдегі тәртіпсіздіктен кейін ҰҚК-ға сенімнің жоқтығын көрсеткен. 2021 жылдың тамызынан бері қорғаныс министрлігін басқарған Мұрат Бектанов "қызметтегі әрекетсіздік" күдігіне ілініп, ұсталған.