Accessibility links

Тоқаев Астанадағы Оқушылар сарайында дауыс берді. Азаттық тілшісіне аккредитация берілмеді


Астанадағы N59 сайлау учаскесінде дауыс берген Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді. 20 қараша 2022 жыл.
Астанадағы N59 сайлау учаскесінде дауыс берген Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді. 20 қараша 2022 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан N59 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұған дейін осы сайлау учаскесінен ақпарат тарататын журналистер тізіміне Азаттық тілшісін енгізбей қойған.

Жексенбі күні дауыс бергеннен кейін Тоқаев журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді. "Саяси қайта жаңғыру" туралы сұрақтарға жауап берген Тоқаев "үкімет жұмысында қалады, бірақ үкімет және өзге ведомстволар құрамында әрине, өзгерістер болады" деді. Ол жыл соңына қарай парламент сайлауының мерзімі туралы мәлімдеме жасайтынын айтты. Тоқаев сайлауға дейін бірнеше жаңа саяси партия тіркелуі мүмкін екенін жеткізді.

"Парламент сайлауына дейін бірнеше партия қажетті талаптарды орындап, тіркеуден өте алады деп санаймын. Бұған біз мүдделіміз. Одан бөлек, парламент сайлауы жаңа аралас жүйе бойынша өтеді. Сайлаудың нәтижесінде заң шығарушы органға оппозициялық көзқарастағы адамдар да келеді деп күтемін" деді Тоқаев.

Тоқаевтың аталған учаскеде дауыс беретіні бір күн ғана белгілі болды. Азаттық тілшілері ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, сыртқы істер министрлігі мен президент әкімшілігіне хабарласып, Азаттық тілшісін тізімге енгізуді сұрап, құжаттарды жіберген. Алайда жексенбі күні сайлау учаскесіндегілер Азаттық тілшісінің тізімде жоқ екенін алға тартып, ішке кіргізбеді.

Одан бөлек, бір күн бұрын Тоқаевтың учаскеге сағат онға таман келетіні хабарланған, алайда жексенбі күні президент сағат 8:40-та келіп, ерте дауыс беріп кетті. Тоқаев кеткеннен кейін сайлау учаскесі өкілдері бәріне "кіре берулеріңізге болады" деді.

20 қарашада таңертең сайлау учаскесі орналасқан Бауыржан Момышұлы көшесінде қозғалыс тоқтатылып, аумақта қауіпсіздік күшейтілді.

Жексенбі күні ерте Астанада сайлау учаскелерінде "Ауыл" кандидаты Жигули Дайрабаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия кандидаты Нұрлан Әуесбаев, Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы кандидаты Қарақат Әбден дауыс берген.

Жалпы сайлауға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек, тағы бес кандидат тіркелген. Бақылаушылар мен сарапшылар бес кандидатты Тоқаевтың формалды оппоненттері деп атайды.

(Жаңалықты әзірлеуге Сәния Тойкен көмектесті).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG