Ресей әділет министрлігі "Машина времени" тобының жетекшісі Андрей Макаревичті ақпарат құралдарына, оның ішінде шетел басылымдарына комментарий бергені үшін "шетел агенті" деп таныды. Билік сұхбат беруді "шетел ықпалы" деп атаған. Бұл жөнінде РБК сайтына музыканттың адвокаты Александр Передрук хабарлады.
"Шетелден қаржыландыру таппаған соң оның шетел журналистеріне сұхбат беруін "сыртқы ықпалға ұшыраған" деп таныды. Олар оған пікірін таратуға алаң ұсынды-мыс" деді әділет министрлігінің пікірінің көшірмесін журналистерге берген Передрук.
Заңгер Павел Чиковтың айтуынша, Макаревич – "шетел ықпалына ұшырағаны" үшін "шетел агенті" тізіміне енгізілген алғашқы азамат. 1 желтоқсанда күшіне енетін заңға сәйкес, "шетел ықпалына ұшыраған" кез келген "шетел агенті" тізіміне енуі мүмкін.
Наурыз айында Макаревич украин журналисі Дмитрий Гордон мен "Дождь" телеарнасына сұхбат берген. Ол Украинадағы соғыс туралы да айтқан. Ресей әділет министрлігі оны осы сұхбаты үшін тізімге алып отыр. Министрліктің айтынша, Макаревич сонымен бірге тұрақты түрде "Ресей билігінің шешімдеріне теріс пікір білдіріп отырады". Кремльді әскери қылмысы үшін айыптап, қазіргі Ресейді нацистік Германиямен қатар қояды.
2022 жылдың 26 қараша күнгі жағдай бойынша, Ресей әділет министрлігі құрастырған тізімге 340 азамат, ақпарат құралы мен коммерциялық емес ұйым, қоғамдық бірлестік енген. Шетел агенті статусы берілген адам немесе заңды тұлға үш ай сайын жеке есепшотындағы қаржылар туралы есеп беруі тиіс. Есептен қате жібергендер жазаға тартылады, тіпті түрме жазасына кесілуі мүмкін.
Жуырда "шетел агентіне" қатысты заңнама қатайтылды. Оған сәйкес, мысалы тізімге енгендер кәмелетке толмағандарға сабақ бере алмайды, қоғамдық шара ұйымдастыра алмайды, жалдамалы әскер құрамына ене алмайды, сайлау комиссиясы мүшесі бола алмайды. "Шетел агенті" таратқан кез келген ақпаратты балалар арасында таратуға тыйым салынған.