Бүгін, 28 қарашада Атырау қаласының 2-сотында "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылған жергілікті белсенді Жаңылсын Жалғасоваға үкім шығарды. Істі қараған судья Жұмағали Тәшімов Жалғасованың бостандығын бір жылға шектеп, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуді міндеттеді.
Жаңылсын Жалғасованы биыл 3 шілдеде Атырау қаласында полиция әкетіп, Қылмыстық кодекстің "Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы (274-баптың 2-тармағы, 3-бөлігі) бойынша айып таққан. 5 шілдеде Жалғасованы үйқамаққа ауыстырған.
Судья үкімінде Жалғасовадан сот психологиялық-филологиялық сараптама жүргізуге кеткен шығын - 80669 теңге және орташа ауыр қылмыс жасағандықтан жәбірленушілердің өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (45945 теңге) ақша өндірілетіні көрсетілген.
Үкімді түсіндірген судья Жалғасоваға белгіленген жаза кезінде кәмелет жасына толмаған қызы бары ескерілгенін түсіндірді.
Жалғасова сот шешіміне қанағаттанбайтынын, шағымданатынын айтып, судьядан мұнан кейін "әлеуметтік желілерге жаза аламын ба?" деп сұрады. Судья оған "иә" деп жауап берді.
Жаңылсын Жалғасова өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды. Оған 2020 жылы қыркүйекте "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (Қазақстан сотының шешімімен тыйым салынған, Еуропарламент "бейбіт қозғалыс" деп санайтын тіркелмеген қоғамдық ұйым - ред.) қолдап, рұқсат етілмеген акцияға шықты" деген айыппен 73 мың теңге айыппұл салынған. Ол өзін қалада митинг болады деген хабар тараған кезде полиция үйінен шығармайды деп есептейді.
Жаңылсын Жалғасованың адвокаты Жанар Сүндетқалиева да қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеу де, бірінші сатыдағы сот та істі объективті қарамады" деп есептейді. Оның сөзінше, Жаңылсын Жалғасвова өзі бөліскен ақпараттың рас-өтірігін білмеген.
Іс материалдары бойынша Жалғасова 3 шілде күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына "Қазақстан Қарақалпақстандағы митингіні күшпен басу үшін әскер жіберіп жатыр" деген сөздер айтылған видео жариялап, оны таратуды сұраған.
Биыл шілденің басында Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасының орталығы Нүкіс қаласында болған оқиға кезінде кемі 21 адам өлген, оның төртеуі құқық қорғау органдары қызметкерлері. 270-тен аса адам жараланған.
Нүкіс оқиғасы Өзбекстан билігінің Қарақалпақстан конституциясына өзгеріс енгізу жөнінде бастамасына байланысты туған. Жаңа өзгерісте Қарақалпақстанның егемендік статусы мен Өзбекстан құрамынан шығу құқығы жойылатыны көрсетілген. Жаппай толқудан кейін Ташкент бұл ұсынысынан бас тартқан.
Өзбекстан құқық қорғау органдарынан қашып келген қарақалпақ белсенділерін қыркүйек-қазан айларында Қазақстан құқық қорғау органдары ұстаған. Бүгінге дейін қамауға алынған бес белсендінің аты-жөні мәлім: Зиуар Мирманбетова, Раиса Құдайбергенова, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов және Тілеубике Юлдашева.
Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер ресми Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеген.
ПІКІРЛЕР