"Вагнер" жеке әскери тобының бұрынғы жалдамалы қызметкері Андрей Медведев Ресей билігінен әскери топ пен оның жетекшісі Евгений Пригожиннің қызметін тексеруді талап етті. Бұл жөнінде "Гулагу.нет" жобасына сүйенген Сибирь.Реалии сайты хабарлады.
"Гулагу.нет" Телеграм-арнасында жарияланған видеода Медведев 2022 жылдың 6 шілдесінде "Вагнер" жеке әскери тобымен төрт айға келісімшартқа отырғанын айтады. Оны Луганск облысының Сальск елді мекеніне жіберіп, ол жақта бөлімше командирі болып тағайындалып, Артемов түбіндегі шайқастарға қатысады.
Кейін "Вагнер" бір жақты түрде Медведев келісімшартын өзгертіп, бастапқыда келісім мерзімін алты айға, кейін сегіз айға дейін ұзартқан. Бұдан соң ер адам қызмет орнынан кетіп қалған. Түсіндіруінше, оған басшылықтың "топас бұйрықтары", ұрып-соғуы мен тіл тигізуі, "Вагнер" жалдамалыларын өлтіруі ұнамаған. Медведев соғысқа барғанына өкінетінін жеткізген.
"Өз бетімнен кеткеннен кейін "Вагнердің" қауіпсіздік қызметі мені аңдып, іздеуге ФСБ, ІІМ органдарын жұмылдырған. Өз өмірім мен денсаулығыма қауіптенемін" деді Медведев видеода.
Ол президент Владимир Путин, тергеу комитеті, бас прокуратура және ФСБ-дан "Вагнердің" қызметін тексеріп, өзін қорғауды сұраған.
Сибирь.Реалии жазуынша, Медведев Томск облысынан шыққан ата-анасы жоқ жетім бала болған. 2014 жылы Томск колледжіне түсіп, оқу орнынан шығып кеткеннен кейін армияға алынған. Келген соң Мәскеуге нәпақа табу үшін келген.
2016 жылы Медведев "Ұрлық" ісі бойынша екі жылға шартты сотталған. Кейін оның жазасы түрме жазасымен алмастырылған. 2017 жылы шілдеде Томск соты оны "бес көлікті ұрлады" деп танып, үш жылға түрмеге кескен.
Түрмеде отырған кезде мекеме әкімшілігі үстінен "билік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін" қылмыстық іс қозғауды талап етіп, ақыр соңында өзі қудалауға ұшыраған.
Қазір Медведев қашып жүр. The Insider жазуынша, Медведевте Луганск облысының Алчевск елді мекенінде соғысудан бас тартқан жалдамалыларды дарға асқаны жөнінде видео бар және оған бірдеңе болса, видео жариялануы мүмкін.
15 желтоқсанда "Гулагу.нет" жобасының YouTube-арнасында үш күн бұрын жазылған Андрей Медведевпен сұхбат жарияланған. Ақпаратқа қарағанда, полиция оны Мәскеу түбінде ұстап, кейін босатқан.
ПІКІРЛЕР