Accessibility links

Ташкентте президент отбасын сынаған блогер ұсталды


Шахида Саломова
Шахида Саломова

"Патанатомия страны Уз" телеграм каналын жүргізуші Шахида Саломоваға "жала жабу", "балағаттау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

60 жастағы блогер 18 желтоқсаннан бері із-түзсіз жоғалып кеткен. Кейін оның қамауға алынғаны белгілі болды. Соның алдында ғана Саломова телеграм каналына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен оның отбасы мүшелерінің суретін жариялап, оларды непотизм және коррупциямен айыптаған.

Блогердің адвокаты тергеу абақтысында онымен кездесе алмай жүргенін мәлімдеген.

"Шахиня Королева" деген бүркеншік атымен танымал блогер YouTube-каналы және басқа да әлеуметтік желілер арқылы билікті сынап келген. Таяуда ғана ол президенттің кіші күйеу баласы Отабек Омаров Ташкент орталығынан 20-ға жуық жер учаскесін алғанын жазған.

Қазір Саломованың телеграм каналының аты өзгерген. Бұл канал Шахида Саломоваға қарсы материалдар шығаратын болған.

Блогердің Лондонда тұрып жатқан қызы Камола анасының қант диабеті ауруымен ауыратынын, шешесінің денсаулығына алаңдайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG