Accessibility links

Еңбек министрлігі қандастар мен қоныс аударушыларға арналған квотаны көбейткенін мәлімдеді


Түрікменстаннан көшіп келе жатқан қазақтарды күтіп тұрғандар. Маңғыстау облысы 2021 жыл
Түрікменстаннан көшіп келе жатқан қазақтарды күтіп тұрғандар. Маңғыстау облысы 2021 жыл

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылы қандастар мен қоныс аударушыларға бөлінген аймақ квотасы туралы мәлімет жариялады. Ең көп квота Павлодар облысына бөлінген — 3 773 адам. Өткен жылы бұл облысқа 3600 квота белгіленген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларға 2023 жылы 8652 аймақ квотасы белгіленген. "Бұл - былтырғыдан 566 квота көп" дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Қандастарға Солтүстік Қазақстан облысына 138 квота, Қостанай облысына 150, Абай облысына 196, Шығыс Қазақстан облысына 239, Ақмола облысына 270, Павлодар облысына 932 квота бөлінген. Қоныс аударушыларға Қарағанды облысына 33, Ұлытау облысына 120, Абай облысына 238, Шығыс Қазақстан облысына 305, Қостанай облысына 530, Солтүстік Қазақстан облысына 2 660, Павлодар облысына 2 841 квота ұсынылған.

Өткен жылы Түрікменстаннан Қазақстанға келген жүздеген қазақтың он шақтысы ғана Маңғыстау облысында қалған. Көпшілігін Қазақстанның "еңбек күші тапшы" солтүстігі мен шығысына жіберген.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, аймақ квотасын пайдаланатын қандастар мен қоныс аударушылардың көші-қоны үшін отбасының әр мүшесіне бір рет 70 айлық есепті көрсеткіш (214,5 мың теңге) субсидия төленеді. Бір отбасына 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 15-тен 30 АЕК-ке дейін (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) беріледі.

Еңбек министрлігінің мәліметіне қарағанда, 1991 жылдан бүгінге дейін Қазақстанға шетелден 1 миллион 107 мың қазақ көшіп келген. 2022 жылы тарихи отанына көшіп келген 19 178 адам "қандас" мәртебесін алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG