Бүгін, 10 қаңтарда Атырау облысы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы "көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыпталған жергілікті белсенді Жаңылсын Жалғасованың апелляциялық шағымын қарап, бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Іс материалдары бойынша, Жалғасова былтыр 3 шілдеде Facebook желісіндегі парақшасына "Қазақстан Қарақалпақстандағы митингіні күшпен басу үшін әскер жіберіп жатыр" деп айтылған видео жариялап, оны таратуды сұраған. Осы видео үшін ол шілдеде үйқамаққа алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған.
28 желтоқсанда Атырау қаласының №2 соты Жалғасова "жалған ақпарат таратты" деп айыптап, бір жылға бас бостандығын шектеген.
Бұған қоса 100 сағаттық қоғамдық жұмыс істеуге, психологиялық-филологиялық сараптама жүргізуге кеткен шығын - 80669 теңге және орташа ауыр қылмыс жасағандықтан жәбірленушілердің өтемақы қорына 50 мың теңге ақша өндірілетіні көрсетілген.
Апелляция үкімді өзгертпеген соң белсенді мен адвокаты Жанар Сүндетқалиева енді Жоғары соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат түсірмек.
Қорғаушы Сүндетқалиеваның сөзінше, Жаңылсын Жалғасова өзі бөліскен ақпараттың рас-өтірігін білмеген. Ал Жалғасова өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды. Белсендіге 2020 жылы қыркүйекте "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (Қазақстан сотының шешімімен тыйым салынған, Еуропарламент "бейбіт қозғалыс" деп санайтын тіркелмеген қоғамдық ұйым - Ред.) қолдап, рұқсат етілмеген акцияға шықты" деген айыппен 73 мың теңге айыппұл салынған.
Биыл шілденің басында Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасының орталығы Нүкіс қаласында болған оқиға кезінде кемі 21 адам өлген, оның төртеуі құқық қорғау органдары қызметкерлері. 270-тен аса адам жараланған.
Нүкіс оқиғасы Өзбекстан билігінің Қарақалпақстан конституциясына өзгеріс енгізу жөнінде бастамасына байланысты туған. Жаңа өзгерісте Қарақалпақстанның егемендік статусы мен Өзбекстан құрамынан шығу құқығы жойылатыны көрсетілген. Жаппай толқудан кейін Ташкент бұл ұсынысынан бас тартқан.
Өзбекстан құқық қорғау органдарынан қашып келген қарақалпақ белсенділерін қыркүйек-қазан айларында Қазақстан құқық қорғау органдары ұстаған. Қазір Қарақалпақстаннан қашқан Зиуар Мирманбетова, Раиса Құдайбергенова, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов және Тілеубике Юлдашева Қазақстанда қамауда отыр.
Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер ресми Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеген.
ПІКІРЛЕР