Accessibility links

Ресейде жаңа "Аватарды" прокаттау құжатынсыз көрсетіп жатыр


"Аватар: Су жолы" фильмінің режиссері Джеймс Кэмерон.
"Аватар: Су жолы" фильмінің режиссері Джеймс Кэмерон.

Ресейлік "Киномакс", "Мираж синема" және "Премьер-зал" кинозал желілері Walt Disney компаниясының "Аватар: Су жолы" фильмін прокаттау құжатынсыз көрсетіп жатыр, деп жазды "Ведомости" басылымы.

"Киномакс" желісі сайтында "Аватар: Су жолы" фильмі "сеанс алдында" ғана көрсетілетінін, билеттер шын мәнінде он минуттық "Комментатор"фильміне сатылып жатқанын атап көрсеткен. Ал "Киномакс" пен "Мираж синема" фильмді "Прокино" және "То кино!" атты бөлек компаниялар көрсетіп жатқанын алға тартқан.

Ал өзге ресейлік "Каро", "Синема парк" және "Формула кино" желілері жаңа "Аватарды" прокат құжатынсыз көрсетпеуді жөн көрген. "Каро" компаниясының өкілдері фильмді көрсету "Ресей заңы мен барлық халықаралық авторлық конвенцияларға қайшы" болатынын айтқан.

Жаңа жыл мерекелері кезінде шыққан ресейлік "Чебурашка" комедиясы екі апта ішінде прокатта 3,5 млрд рубль жинаған. Алайда "Известия" газетімен сұхбатта жергілікті кино желілерінің бірінің иесі шығынға батпас үшін осындай тағы он "Чебурашка" мен тағы он жаңа жыл мерекесі керек болады деген.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін негізгі Голливуд кино өндірушілері – Warner Bros., Universal, Paramount, Disney және Sony Ресейде фильмдерін прокаттау мен лицензиялауды тоқтатып, кейбірі Ресей нарығынан мүлде кеткен.

Соғыс басталғалы бері Ресейде кинозалдардың 41 пайызы жабылған, кинотеатрларға түсетін табыс 80 пайызға кеміген. Кинотеатрға баратындардың саны мобилизация мен Ресейден кеткендерге байланысты да қысқарған. Ресей кәсіпкерлері билікті кинотеатрларға субсидия бөлуге немесе пираттық фильмдерді көрсетуге рұқсат беруге шақырған, алайда өтініштері орындалмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG