Қазақстан бас прокуратурасы "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктер мен мемлекеттік төңкеріс жасауды ұйымдастырды деген күдікке ілінген 18 адам" жайлы БАҚ қойған сауалға жауап бермеді. Бұл туралы Бас прокуратураға сондай сауал жолдаған Informburo.kz басылымы хабарлады.
Күдікке ілінген 18 адам кім деген журналистердің сауалына жауабында Бас прокуратура Қылмыстық-процестік кодекстің "Сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға болмайтыны" туралы 201-бабына сілтеп, жауап беруден бас тартқан. Сонымен бірге құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдері арасында күдікке ілінгендер бар ма деген сауалға да жауап бермеген.
"Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырғаны үшін бес адамды сотталды, сот өндірісінде сегіз адамның қылмыстық ісі қаралып жатыр. Қазіргі кезде ұйымдастырушы бес адамға қатысты тергеу аяқталып, іс материалдары процеске қатысушыларға танысуға берілген" деп мәлімдеген прокуратура ешкімнің аты-жөнін, қызмет лауазымын атамаған.
Бас прокуратура Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы деген күдікке ілінген 18 адамның барлығы да Қазақстан азаматы екенін айтқан.
Бас прокуратураның "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған өзге адамдарды анықтаумен" әлі айналысып жатқанын жазады басылым.
Қаңтар оқиғасына байланысты биыл 5 қаңтарда парламентте депутаттар сұрағына жауап берген бас прокурор Берік Асылов "оқиғаны ұйымдастырғандар оған жыл бойы дайындалған" деп мәлімдеген. Бұған қоса прокуратура өкілі журналистер сұрағына берген жауабында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті Қаңтар оқиғасының негізгі ұйымдастырушысы деп "есептеуге болады" деп айтқан.
Асылов "елдің жоғары басшылығын орнынан тайдыруға дайындық мұқият жоспарланғанын" мәлімдеп, оны "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс" деп атаған.
"5 қаңтрада Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Алматы, Қызылорда, Алматы облысы ҰҚК департаменттеріне қызмет орнынан кетіп қалуды бұйырған. Бұған қоса Алматы мен Жамбыл облыстарының полиция ғимаратында да ешкім қалмаған. Ол жерден 3 мыңға жуық қару қолды болған, олардың басым бөлігі әлі табылған жоқ" деп мәлімдеді Асылов.
Бір жылдан бері қамауда отырған Кәрім Мәсімовтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша қазір жабық сот өтіп жатыр. Бұған дейін әлеуметтік желілерде Мәсімовті қолдау науқаны басталып, оның ісінің саяси астары бары айтылған. "Орталық Азия бақылаушылары қадағалап отырған Мәсімовке қарсы "сот" халықаралық құқық үстемдігі мен заң процедурасы сақталуына Қазақстанның бейілі жоғына мысал болады" деп жазылған Мәсімовті қолдауға арналған онлайн-ресурста жарияланған мәлімдемеде.
Былтыр қазанның аяғында БҰҰ-ның жөн-жосықсыз ұстау жөніндегі жұмыс тобы Кәрім Мәсімовті ұстау кезінде заң талаптары бұзылғанын айтып, Қазақстан үкіметін толық және тәуелсіз тергеу жүргізуге, сонымен бірге оны қамаудан "дереу босатуды" қамтамасыз ету шараларын қабылдауға үндеген.
Бас прокурор парламентте сөйлегенде былтыр Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылардың айтқанын орындауға қылмыстық топ мүшелері қатысқан, олардың жұмысын "ҰҚК кураторы үйлестірген" деп мәлімдеп, "жабайы Арман" деген лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевті "тәртіпсіздікті ұйымдастырған" деп атап, оған Алматы мәслихатының экс-депутаты, сонымен бірге қылмыстық топ мүшелері "көмектескенін" айтқан.
Қазір "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған", "заңсыз қару сақтаған" деген айыптар бойынша үстінен іс қозғалып, тергеу абақтысында қамауда отырған Арман Жұмагелдиевтың адвокаты "ол өзіне тағылған айыптың ешбірін мойындамайды" деп мәлімдеген.
5 қаңтарда мәжілістегі сөзінде Берік Асылов Қаңтар оқиғасын "18 адам ұйымдастырды" деп мәлімдеген, алайда күдіктілер кім екенін сұраған журналистерге ол "қажет құжат қолымда емес" деген уәж айтып, олардың аты-жөнін атаудан бас тартқан еді.
ПІКІРЛЕР