Accessibility links

Қызылордада Қаңтар кезіндегі сарбаз қазасына айыпты деп 17 жылға сотталған адам өзін жаралаған


Қазыбек Құдайбергеновтың отбасы архивіндегі суреті
Қазыбек Құдайбергеновтың отбасы архивіндегі суреті

Қаңтар оқиғасында Қызылорда қаласында қаза болған Ұлттық ұлан қызметкері Мадияр Қайсаровтың өліміне кінәлі деп танылып, 17 жылға сотталған 34 жастағы Қазыбек Құдайбергенов тергеу абақтысында өзін жаралаған. Әйелі Іңкәрім Сұлтанованың айтуынша, оқиға 11 қаңтарда болған.

Сейсенбі, 17 қаңтарда Азаттық тілшісі телефонмен сөйлескен Қызылорда қаласындағы 68-тергеу изоляторының бастығы Қайырбек Ілиясов тұтқын Құдайбергеновтың жағдайы қалыпты, денсаулығына қауіп жоқ деді.

"Мойнын тілген, жарасы терең емес. Үкімге наразы болып осылай істеген. Бізге, мекеме қызметкерлеріне арыз-шағымы жоғын айтты. Қазір жағдайы жақсы, санитарлық бөлімде жататындай емес, камерада жатыр" деді Қайырбек Ілиясов. Оның сөзінше, мекеменің медицина қызметкері Құдайбергеновтың жараланған мойнын екі жерден тіккен.

– 11 қаңтарда таң намазынан кейін курткасының замогын егеп, мойнын тіліпті. Сол күні кешкі бестің шамасында кірдім. Мойнын дәкемен орып қойыпты. "Көрсеткім келмейді, жүрегің ауырады" деді. Неге олай істедің деп сұрасам, "жазықсыз сотталып барам, сотта ақталамын ба деген үмітім ақталмады, сен жалғыз шырылдап жүрсің, сондықтан ісіме назар аудартқым келді" деп айтты, – дейді Құдайбергеновтың әйелі Іңкәрім Сұлтанова.

29 қарашада Қызылорда соты Қазыбек Құдайбергеновті Қаңтар оқиғасында "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" және "қызмет міндетін атқарған әскери қызметкердің өліміне әкелетін қасақана іс-әрекетке барғаны" үшін айыпты деп танып, 17 жылға бостандығынан айырған. Сот Құдайбергеновке "террорлық акт" бабы бойынша тағылған айыпты алып тастады.

Қазыбек Құдайбергенов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Құдайбергеновтың адвокаты мен туыстары оған тағылған айыптарға ешбір дәлел жоғын айтып, сот тергеу долбарына сүйеніп әділетсіз үкім шығарды деп есептейді.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ. Құдайбергеновтың апелляция шағымы бойынша сот отырысы 19 қаңтарда өтуі тиіс.

– Қызылорда облыстық сотында апелляциялық сот отырысы онлайн өтеді деген хабарлама келген. Мен қарсы болып, шағым түсірдім. Бүгін, 17 қаңтарда "сот оффлайн өтеді" деген хабар алдым, – деді Іңкәрім Сұлтанова.

Сұлтанова сотқа дейінгі тергеу кезінде күйеуін "басына пакет кигізіп, тоқпен ұрып азаптағанын, резеңке таяқпен зорлаймыз деп қоқан-лоқы жасап, жасамаған қылмысты мойындауға мәжбүрлегенін" айтады. Тергеу орындары бұл айыптауларды жоққа шығарған.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада 26 адам қаза болған. Оның біреуі – міндетті әскери борышын өтеп жүргенде мерт болған Ұлттық ұлан қызметкері Мадияр Қайсаровтың өліміне айыпты деп Қазыбек Құдайбергеновты соттады. Полиция ғимараты алдында оққа ұшып қаза тапқан, кейін уақытша ұстау изоляторы мен тергеу абақтысында азапталған азаматтардың ісі бойынша ешкім жауапқа тартылған жоқ.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина тергеу орындары Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғап, "кісі өлтіру", "ғимараттарға шабуыл жасау", "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу" баптары бойынша айып таққанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG