Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында құқық қорғау органдары жылу электр орталығының меншік иелеріне қатысты тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеу аяқталған соң жылу орталығы мемлекет меншігіне немесе инвесторға өтеді. Бұл туралы аймақ әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлады Информбюро сайты.
"6 қарашадағы апаттан бері Риддердегі ЖЭО меншік иесі жағдайды реттеу үшін ешқандай әрекет жасамады. Қазір облыс әкімдігінің кепілдігінің арқасында ғана Қаражыра разрезінен – көмір, Қазмұнайгаздан мазут тасымалданып жатыр. Шамамен 600 млн теңге құрылыс және қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалды. Қазір станция істеп тұр", - деп мәлімдеді облыс әкімі. Оның айтуынша, жылу орталығы төрт жылдан бері жөнделмеген.
Облыс әкімінің айтуынша, барлық төрт қазандық істеп тұр, станция уақытша мазутпен істеп жатыр.
19 қаңтарда таңертең станцияның от жағу цехынан өрт шығып, екі сағаттан кейін сөндірілгені хабарланған еді. Бейсенбі күні қала тұрғындары үйлерінің суып кеткенін айтқан. Кейін қалаға облыс әкімі Даниал Ахметовтің келгені хабарланды.
5 қаңтарда Риддер жылу орталығының күл шығару жүйесіндегі станциясында сорғы істен шығып, "су астында қалған". Сол кезде де тұрғындар үйлері "суық екеніне" шағымданған.
Былтыр жыл аяғында жылу электр орталығында бірнеше рет апат болып, орталықтандырылған жүйеге қосылған 22 мыңнан астам отбасы салқын үйлерде түнеуге мәжбүр болған еді. Сол кезде қалада техноген сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілген. Бұл төтенше жағдай режимі әлі күшінде. Сол кезде ШҚО әкімі ЖЭО-дағы мәселеге орталық басшылығы мен энергетика министрлігінің жергілікті өкілдерін айыптаған. Облыс прокуратурасы қарашада ЖЭО-да төтенше жағдай себебін анықтау бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеген, бірақ нәтижесін әлі жариялаған жоқ.
ПІКІРЛЕР