Accessibility links

АҚШ америкалықтарды Ресейден дереу кетуге және онда бармауға тағы да үндеді


АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі.
АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі.

АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі Ресейде жүрген АҚШ азаматтарын тез арада Ресейден кетіп қалуға үндеді. Ақпарат елшілік сайтында жарияланған.

Оған себеп ретінде "Ресей әскерінің Украинаға жаппай басып кіруінің болжап болмайтын салдары, Ресей құқық қорғау органдарының АҚШ азаматтарын қудалау қаупі, Ресеймен арадағы көлік байланысы қиындағаны, Ресейдегі АҚШ елшігінің Америка азаматтарына көмек беру мүмкіндігінің шектелгені және терроризм қаупі" аталған. АҚШ өз азаматтарына Ресейге бармай-ақ қоюды ұсынған.

Елшілік хабарында былтыр қыркүйек айында мобилизация жариялаған Ресей қос азаматтығы, яғни АҚШ пен Ресей азаматтығы бар адамдарды әскерге алуы мүмкін екені айтылған.

Хабарда халықаралық қауіпсіздік нормаларын сақтамайтын Ресей әуе желілерімен саяхаттау қауіпті болып бара жатқаны да сөз болған. Оның ішінде АҚШ елшілігінің қызметкерлеріне Ресей әуе компанияларымен ұшуға рұқсат берілмейтіні де атап көрсетілген.

Былтыр АҚШ елшілігі америкалықтарды Ресейден дереу кетуге екі рет үндеген еді. Алғашқыда 28 ақпанда, яғни Ресей әскері Украина жеріне басып кіргенде, екінші рет 28 қыркүйекте, яғни Ресейде мобилизация жарияланғанда үндеу жасаған.

Ресей билігі әскерге шақыру аяқталды десе де, мобилизация туралы жарлықтың күші жойылған жоқ, ол кез келген сәтте қайта жалғасуы мүмкін. АҚШ елшілігінің хабары "Ресей әскері Украинада жаңа шабуыл бастауы мүмкін" деген ақпарат көбейген тұста жарияланып отыр. Украинаның барлау қызметі соғыс басталған күнге бір жыл толғанда, 24 ақпанда Ресей жаңа шабуыл бастауы мүмкін деп есептейді.

Дүйсенбіде Ресей сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин АҚШ-ты "Ресей мен ТМД-ның басқа елдерінде теракт жасау үшін Таяу Шығыста жиһадшыл содырлар тобын әзірлеп жатыр" деп айыптаған. Вашингтон бұған түсініктеме берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG