Ақтөбенің тергеу изоляторында құлағалы тұрған екі камера консервацияланған. Мекеме тұтқындардың шағымынан кейін бұл камераларды "апат жағдайында тұр" деп шешкен. Бұл туралы Азаттыққа 22 ақпанда Ақтөбедегі тергеу изоляторының басшысы Аман Құлмұхамбетов айтты.
Дүйсенбі күні Азаттыққа тергеу изоляторындағы тұтқындардың туыстары хабарласып, изолятордың №148 камерасында түсірілген видеоны жолдаған еді. Видео кейіпкері өзін Дархан Асқаров деп таныстырған. Қабырғасы сыз тартып, сылағы түскен тар қапастағы тұтқын адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқанын айтқан. Камераның қабырғалары көгеріп кеткен. Терезелері жабылмайды. Терезенің жақтауынан жел соқпас үшін линолеум кесінділері жапсырылған. Терезенің қапталына Ақтөбе қаласы бойынша намаз уақыты көрсетілген 2022 жылдың кестесі ілінген. Видео қай күні түсірілгені айтылмайды.
Дархан Асқаровтың сөзінше, тар камерада 11 адам бар. Мекеме тұтқындарға матрастан өзге төсек жабдығын бермеген.
"Кейбіреулер үйден төсек алдырған. Мұнда матрастан өзге ештеңе бермейді. Кейбіреулерге ғана жастық бұйырған" дейді Дархан Асқаров.
Ақтөбедегі тергеу изоляторының басшысы Аман Құлмұхамбетов бұл жағдайға 22 ақпан күні түсініктеме берді. Айтуынша, ақпанның басында сот үкімі күшіне енген соң, Дархан Асқаров жазасын өтеу үшін өзге мекемеге жіберілген. Ал мекеме "апат жағдайында" деп таныған №148 және тағы бір камера жабылған.
"Ақтөбенің тергеу изоляторы 1949 жылы салынған. Қаржы болмауына байланысты ғимаратқа күрделі жөндеу жасалмады. Видео түсірілген камераны консервацияладық. Апат жағдайындағы камера азаматтарды ұстауға жарамсыз" дейді тергеу изоляторының басшысы.
Тұтқындардың туыстары Азаттыққа Дархан Асқаровтың видеосымен бірге изолятордағы сегіз адамның шағымын жолдады. 17 ақпан күні Ақтөбе облыстық прокуратурасына жазылған шағымда тұтқындар камералардың салқындығын, төсек-орын берілмейтінін жазған. Тергеу изоляторының басшысы мұны жоққа шығарып отыр.
"Тұтқындар өз атынан шағым жолданғанын растамады. Біздің қолымызда олардың жазбаша түсініктемесі бар" дейді изолятор басшысы.
Ақтөбе облыстық прокуратурасына изолятордағы сегіз тұтқынның шағымы жетпеген. "Кезекші прокурорға да ешқандай шағым айтылмаған" деп хабарлады Азаттыққа прокуратураның баспасөз қызметі.
Азаттық тілшісі 500-ге жуық адам қамалған жабық мекемеге кіре алмады. Бірақ ғимараттың қабырғасы сыз тартып, сылағы түсіп тұрғаны сыртынан-ақ аңғарылады.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, 2026 жылға дейін Ақтөбеде халықаралық стандартқа сай жаңа изолятор салынуы керек. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тұрғызылатын 1500 орындық мекеменің жобасы дайын. Бірақ құрылыс қашан басталатыны белгісіз.
ПІКІРЛЕР