Батыс елдері қазақ-орыс бірлескен "Бәйтерек" компаниясына санкция салады деген қауіп жоқ. Қазақстан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларының жаңа 10 пакетіне енген Ресейдің мемлекеттік ғарыш зерттеу орталығы "Бәйтерек" акцияларының 2 пайызына ғана иелік етеді. Қалған 98 пайызы Қазақстанның қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі.
"Құрылтай келісіміне сәйкес, компания акционерлерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді" деді Олжабеков.
Екі күн бұрын Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Астана қаласында АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесіп, қазіргі кезде санкцияға тап болған қазақстандық компаниялар жоқ екенін білдірген.
Қазақ-орыс бірлескен "Бәйтерек" компаниясы 2005 жылы Байқоңырда жаңа зымыран кешенін салу бойынша бас оператор ретінде құрылған. Астана мен Мәскеу ғарыш аппараттарын "Протондардың" орнына экологиялық зымырандармен алмастыру бойынша жоспарларын мәлімдеген.
Бірақ орыс-қазақ ғарыш кешенін салу жобасы бірнеше рет кейінге қалған. 2021 жылдың соңында Қазақстан Ресеймен құрылған келісімге енгізілген өзгерістерді ратификациялаған. Оған сәйкес, бірлескен компаниядағы қазақстандық тараптың үлесі 99 пайызға дейін көбейген.